Павлодарда саяжай орнына нысандар салынбайтын болды

Павлодарда саяжай шаруашылығындағы үйлердің орнына мектеп пен балабақша салынбайтын болды.

Шаһар басшылығы бұл жерге 140 орындық балабақша мен 600 орындық мектеп салуды жоспарлаған еді. Баспаналары үшін алаңдаған жұрт наразылық білдірді. Осыған байланысты жауапты мекемелер шешімдерін өзгертті.

Айтуынша, әзірге білім беру нысандарын тұрғызу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленген жоқ. Бұзылуы тиіс үйлердің орнына берілетін өтемақы көлемі де белгіленбеген. Жалпы бүгінде шаруашылық аумағында 900-ге жуық баспана бар.

Салтанат Әкімбекова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Қала әкімі бағбандармен жүздесіп, мән-жайды түсіндірді. Тұрғындардың басым бөлігі қарсы болса, саяжай аумағында ештеңе салынбайды. Учаске иелері қол жинауы керек. Егер халықтың үштен бір бөлігі дауыс берсе, әлеуметтік нысандар тұрғызылмайды. Абаттандыру жұмыстары да жүргізілмейді.