Түркістанда жедел көмек станциясы ашылады

Түркістанда жедел көмек станциясы ашылады

Бүгін өңірге жұмыс сапарымен барған ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жаңа нысанды аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыспен танысты. Түркістанда 25 бригадаға арналған облыстық жедел көмек станциясы өз жұмысын бастамақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша, 3 қабатты ғимаратта кардиологиялық, педиатриялық, реанимациялық-хирургиялық, неврологиялық, психиатриялық және токсикологиялық бригадалар болады. Мұнда ересектер мен балаларға тәулік бойы тегін жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Станция жылына 70 мың шақыртуға шыға алады. Сондай-ақ мұнда әкімшілік, орталық зарарсыздандыру бөлімшесі мен 25 арнайы медициналық көлікке арналған гараж бен бақылау-өткізу пункті қарастырылған. Айта кетейік, жалпы облыста 22 медициналық жедел жәрдем бекеті бар. Онда 140 бригада жұмыс істейді. Ал көліктерінің 96 проценті заман талабына сай жаңартылған.

Ағайша Аманжолова, облыстық жедел көмек станциясы басшысының орынбасары:

10 мың халыққа 1 бригада деп есептелген. Ал Түркістан обылсы бойынша қазіргі кезде 2 млн 75 мың халық тұрады. Яғни 207 бригадамен қамтылуы керек. Қазіргі таңда бізде 140 бригада жұмыс істеп жатыр. Ауылды елді мекендердегі амбулаторияларда 1-2 бөлмені жалға алып, бригадаларды орналастырып қойғанбыз. Қосымша бригадалар ашылып, жүз пайыз қамтамасыз етеміз.