Щучинсктегі жолаушылар көлігі қашан ретке келеді – Ақмола облысы

Щучинск қаласындағы шағын аудан тұрғындарын қоғамдық көлік мәселесі әбден шаршатқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Автобусты бірнеше сағат сарыла күтетін олар «діттеген жерімізге уақытылы жете алмаймыз, ол аздай демалыс күндері қала орталығына қатынау қиын», дейді. Ал жергілікті билік өкілдері болса, тұрғындардың мұндай шағымымен келіспейді.

Мына шағын ауданның тұрғындары былтыр жауаптыларға жалынып жүріп, қоғамдық көлік қызметін іске қостырған еді. Бірақ оның да қайырын көре алмай отыр. Көзді ашып-жұмғанша жететін қала орталығына бару үшін уақыттарын сағаттап жоғалтады. Әсіресе қыс мезгілінде тіпті қиын.

Ділдә Тайжанова, Щучинск қаласының тұрғыны:

Автобусты көп күтеміз. Тіпті сағаттап осы жерде тұруға мәжбүрміз. Жексенбі күні қоғамдық көлікке міну тіпті мүмкін емес. Осылай күтумен уақыт өтіп жатыр.

Тұрғындар арыз-шағыммен әкімдіктің табалдырығын талай тоздырған. Бірақ нәтиже байқалмайды. Қоғамдық көлік күтетін аялдама да жоқ. Тіпті демалыс күндері автобустың жоқтығынан қатынау қиындайды.

Расул Гельманұлы, Щучинск қаласының тұрғыны:

– 3 жылдан бері қала, аудан, облыс әкімдеріне хат жолдап жүрмін. Бірақ түк нәтиже жоқ. Автобус болмағаннан кейін жауаптыларға хабарласамыз. Олардікі құр уәде ғана. Тіпті қоғамдық көліктің мұнда жексенбі күндері жүруі тиімсіз екенін де айтты.

Жергілікті билік тұрғындардың шағымымен келіспейді. Олардың айтуынша, жолаушылар аз екен. Егер қоғамдық көлік жиі қатынайтын болса, тасымалдаушы шығынға батады, – дейді жауаптылар.

Ерхан Қалымов, Бурабай ауданы автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Бұл шағын аудандарға №9 және №25 автобустар жүреді. Энергетиктер шағын ауданы мен емхана бағытында №9 автобус қатынайды. Таңғы 7 жарымнан кешкі 7-ге дейін әр сағат сайын жүреді.

Жауаптылардың сөзінше, жақын арада тасымалдаушымен жаңа келісім жасалады. Қоғамдық көлік саны да көбеюі мүмкін. Әзірге ол жағы белгісіз. Ал аялдамаларды жол жөндеу жұмыстары кезінде жаңасын орнатуға жергілікті билік уәде беріп отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Аслан Абуталипов, Виктор Полянный