Тәттіге талас басылмай тұр

Тәттіге талас басылмай тұр. Әлеуметтік желілерде қантқа жапатармағай таласқан жұрттың видеолары жиіледі. Тосап жабатын кезде қат болған қанттың әлегі қашан бітеді?

Жеміс-жидек пісіп, жұрт тосап жабайын десе қант қат болып тұр. Жаз шыққалы жағдай осы. Халық базар аралап, ұзынсонар кезекке тұрып, қант үшін таласқа да түсті.

Бекзат Аманов, тілші:

- Қант қазір қат. Еліміздің әр өңірінде тәтті өнімге талас-тартысты байқауға болады. Әсіресе әлеуметтік желі беттерінде осындай бейнелер жиілеп кетті. Біз дәл қазір елордадағы ірі сауда үйлерінің бірінде тұрмыз. Мұнда таңертең қойылған қант таусылып қалды. Енді тұрғындар жаңадан келген өнімге кезекке тұрып, таласып алуда.

БЛИЦ

- Бәрін өзімізде істейтін жағдай бар, қантты да, картошканы да...

- Қарапайым күндері мұндай болмайды?

- Мұндай болған емес, бүгін қойыпты ғой, телевидение келетіндерін білді ме?

- Қант жоқ, ол рас. Қане қант свободно деп айтады, свободно тұр 850 теңгеден, кім жейді оны? 850 теңге нан алмаймын ба балаларыма?

- Үйдің қасындағы Смолдан қант алған емеспін, қашанғы барсам қант жоқ. Бағасын да білмеймін.

Ал сала мамандарының айтуынша, қант тапшылығы жоқ, жеткілікті қор жеткізіліп отыр. Алайда дүкендегі бос сөре мен шарықтаған бағаның себебін олар да түсінбей отыр. 

Назгүл Хатепова, ҚР АШМ департамент директоры:

- Ішкі нарықта 100 мың тоннаға жуық қант бар. Біз ішкі нарыққа қажетті көлемде қантты өндірумен айналысамыз, біз өз тарапымыздан зауыттарды қамтамасыз етіп, керекті көлемдерді өндірдік. Алыпсатарлардың немесе қандай да бір сауда орындарының әдейі түрде қолда бар көлемдерді нарыққа аз жіберіп, енді біз білеміз нарыққа аз тауар кетсе оның бағасы жоғарылайды. Мүмкін бұл қандай да бір спекулятивті іс-әрекеті шығар алыпсатарлардың.

Жалпы зауыттар қантты 450 теңгемен шығарады екен. Сонда өнім нарықта шамамен 500-600 теңгегеден сатылуы керек. Алайда дәл қазір кейбір дүкендерде қант құны мың теңгеден асады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жыл басынан бері екі сауда үйіне тексеріс жүргізген. Оның біреуінен кінәрат таппай, екіншісінің ісі әкімшілік сотқа жолданыпты.

Жалпы қазақстандықтар жылына 550 мың тонна қант тұтынады. Оның 58 проценті импорт болса, 43 процентін өзіміз өндіреміз деді сала мамандары.

Қант импортының 88 проценті Ресейден келсе, 3-4 процентін Беларусь жеткізеді. Қалған 8 процент өзге мемлекеттерден келеді. Сондай-ақ өзіміз өндіретін қанттың шикізаттарын да шетелден аламыз. Нақты айтсақ, өзіміздікі деп жүрген өнімнің 93 пайыз шикізатымен өзге елдер қамтамасыз етеді. Тек 7 процент қант қызылшасы елде өсіп шығады.

ГРАФИКА

Қазақстандықтар жылына 550 мың тонна қант тұтынады

Импорт – 58 пайыз                                 Отандық өнім – 42 пайыз

Ресей – 88 пайыз                                   Шикізат импорты – 93 пайыз

Беларусь – 3-4 пайыз                             

Қалған мемлекеттер – 8 пайыз

Бұл тәуелділіктен қалай құтыламыз? Ол үшін 50 мың гектарға қант қызылшасын егу жоспарланған екен. 2025 жылға дейін орындалады деп сендірді жауаптылар. Ал түйіткілдің түйінін тарқатудың басқа жолдарын сарапшылардан сұрап көрдік.

Жигули Дайрабаев, «Қазақстан фермерлері қауымдастығының» Басқарма төрағасы:

- Ең алдымен өндірісті қалпына келтіру керек, екінші қант қызылшасының егісін көбейту керек. Жоспар жасадық. Біз мынау қант қызылшасымен отандық зауыттар еркін жұмыс істеу үшін 104-405 мың гектарға дейін көбейтуге мүмкіндік бар. Оның үстіне қазір жаңа технологиялар келіп жатыр. Тамышылатып суғару, су жетпейді деп жатырмыз, соның балығын реттіп, жоспарлы түрде ұйымдастыратын болсақ.

Төлеутай Рақымбеков, «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» Басқарма басшысы:

- Қант қызылшасының өз құны өте қымбат. Ол енді су жағынан өте көп талап етеді, тыңайтқыш жағынан, технология жағынан есептегенде бұл фермерлерге пайдалы емес. Өзбекстан жасап жатыр,  қазір оларды екі зауыт бар жылына 700 мың тонна қант шығарады. Индиядан, Индонезиядан әкелетін тростиктер арқылы.

Жыры таусылмаған өнім тапшылығының ақиқаты әлі көпке белгісіз сыңайлы. Құзырлы органдар бақылауды күшейтіп, жүйелі жұмыс жүргізсе талай кемшіліктің анықталуы әбден мүмкін. Айтпақшы, қыркүйек айынан бастап, Ресей экспорт есігін қайта ашады. Осының арқасында өнім бағасы қайта арзандауы мүмкін деген үміт бар.

Бекзат Аманов, Арман Ақшабаев