Коронавирус асқынған жағдайда «Ashyq» жүйесі енгізіледі

Коронавирус қайта күшейіп келеді. Елдің әр өңірінде дертке шалдыққандар саны күн санап өсіп жатыр. Соңғы штамм әсіресе балалар арасында тез тарап жатыр. Ал мамандардың болжамы көңіл көншітпейді.

Ертеңнен бастап елордада коронавирус инфекциясының күшеюіне байланысты шектеулер енгізіледі. Сауда орталықтары мен қоғамдық көліктерде, кинотеатрларда және адамдар көп жиналатын жерлерде медициналық бетперде кию керек. Антисептиктерді пайдалану да міндетті болады. Жүкті әйелдер, вакцинацияға қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлер және COVID-19 науқасымен байланыста болған адамдар қашықтықтан жұмыс істеуге ауыстырылады. Еліміздің инфекциялық ауруханаларындағы орынның үштен бір бөлігін вирус жұқтырған науқастар алып жатыр. Реанимациядағы жүктеме 6% болды.

Күлайым Біржанова, ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары:

- Жансақтау бөлімдерінде ауру жұқтырғандар күн санап өсіп жатыр. Өкпені жасанды желдетуде 3 науқас бар. Жағдайы аса ауыр, бірақ өз бетінше тыныс алатын 21 адам ауруханада. Реанимациядағы барлық науқастарда қосымша аурулары бар.

Республика бойынша вакциналау және ревакциналау жұмысы жалғасып жатыр. Қазақстанда вакцинаның үш түрі қолжетімді, олар QazVac, Sinopharm және Pfizer. Ревакциналау үшін QazVac және Sinopharm бар. Бұл туралы инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Роза Қожапова мәлімдеді. Маманның айтуынша, екпе егу орындарында 1 млн 600 мың вакцина дозасы бар. Халықтың 56%-дан астамы індетке қарсы екпе алған. Орта есеппен тәулігіне 10 мыңнан астам адам вакцина салдырады. Басқарма басшысы мамыр айының соңынан бастап елде ревакциналау енгізілгенін еске салды. Бүгінде халықтың 55% қайтадан екпе жасатқан.

Роза Өтегенова, №3 көп бейінді қалалық балалар ауруханасы директорының м.а.:

- Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қазір ауруханада ем алып жатыр 52 бала, ал модульный центрда 14 бала. Бұл балалардың көпшілігі кішкентай балалар. Жастары көпшілігі 5 жасқа дейінгі балалар. Арасында 12-16 жастағылар бар. Бірақ басым көпшілігі кішкентай балалар.

Еліміздің бірқатар өңіріндегі инфекциялық ауруханаларда төсек-орындардың тез толуы байқалады. Соңғы тәулікте вирус жұқтырғандар саны 2,5 мың адам болды. Ел бойынша 30 адамның жағдайы өте ауыр. Індет жағадан алып, дендеп барады. Себебі 5 жасқа дейінгі сәбилердің ауру жұқтыру дерегі жиілеген. Елорданың өзінде 60-тан аса бала ауруханада жатыр. Егер ауру ырыққа көнбей науқастар саны көбейсе, өңірлер «қызыл аймаққа» өтеді. Өздеріңізге мәлім шектеу шарасы қатаңдап,«Аshyq» жүйесі іске қосылады, деді мамандар.

Гүлзия Нақыпқызы