Түйе сүтін сатуды кәсіп қылған кәсіпкер 200 адамды жұмыспен қамтып отыр

Сыдық Дәулет өз кәсібін осыдан 21 жыл бұрын жалғыз түйенің шұбатын сатудан бастаған. Ерінбей еңбек етіп, тапқан пайдасына 50 бота сатып алады. Ал қазір оның шаруашылығында 5 мың бас түйе бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда 200 адам еңбек етеді. Жалақыларын уақытылы алып тұрады. Мың жарым бас түйе күніне екі рет сауылады.

Сыдық Дәулет, фермер:

- Қазір екі жылдан бері осындай сауын машинасымен сауамыз.  Сол бір сауғанда 4-5 литр түйе сүтін сауамыз. Күніге екі мезгіл сауамыз. Сонда орташа есеппен 10 литр сүт сауылады әр түйеде.

Гүлжамал Әуезмұратова, түйе шаруашылығының жұмысшысы:

- Қанша жылдан бері  қолмен сауатын едік.  Жиырма жылдың артығында қолмен сауылды енді екі-үш жылдан  бері токпенен сауылып жатыр да дойкаменен, бізге де ыңғайлы дойкамен сауылған.

Негізгі өнім – түйенің шұбаты. 2009 жылы фермер шұбат жасайтын зауыт ашады. Ал былтыр құрғақ түйе сүтін шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Құрғат сүтті сақтау әрі тасымалдау оңай. Израильдік технологияның арқасында пайдалы қасиеттері сол күйі сақталады. Қазір емдік қасиеті мол өнім республикадан бөлек, шетелге де сатылып жатыр.

Сыдық Дәулет, фермер:

- Екі жылдай болды мына көрші Қытай мемлекетіне соның 50-60 %-ын экспорттаймыз. Оның ішінде үлкен қалалары Пекинге, Шанхайға эксрпорттаймыз. Жақында Дубайменен келісімшартқа отырдық. Енді күні кеше Германиядан, Еуропадан көптеген қызығушылық танытып, қазір сол Еуроодаққа шығарсақ па деп жұмыс жасап жатырмыз.

Түйе сүтінің емдік қасиеттерін ата-бабамыз ежелден білген. Ол адамның иммунитетін күшейтеді. Ал жуырда қытайлық ғалымдар түйе ағзасында әртүрлі ауруларды анықтап, емдеуге көмектесетін антиденелерді  тапқан. Түйенің иммунитеті минут сайын өзгеріп тұрады екен. Ата-әжелеріміз түйе сүтін асқазан, туберкулез бен онкологиялық ауруларға қарсы қолданып тұрған.

Сыдық Дәулет, фермер:

-Түйенің болашағы үлкен. Қазір 5000 түйе ұстап отырған болсақ, алдағы екі-үш жылда  экспорттың арқасында 15 мыңға жеткіземіз деп жұмыс жасап жатырмыз.

Ата кәсіптен нәсібін тапқан Сыдық Дәулет мал саны артқан соң арнайы кластер құруды жоспарлап отыр. Түйе еті мен жүнін өңдейтін завод салынады. «Мақсат айқын болса, табысқа жету де жеңіл болады»,-дейді фермер.   

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Қарлығаш Меңаяқова