Бурабайда жағажайдың жағдайы мәз емес

Аты алты әлемге танымал болған Бурабайда демалушылар көбейген сайын санитарлық ахуал сын көтермей тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әр жерде полиэтилен бұйымдар мен өзге де тұрмыстық қалдық шашылып жатыр. Жағажай мен соқпақтар бойында қоқыс жәшіктері жоқ. Шомылуға келгендер киім ауыстыратын орындардың да болмағанына наразы.

Сағат Әлиев, демалушы:

- Қоқысты қайда саларға білмедім. Қолымыздан тастамай, көлігіме тиеп, қонақүйге дейін апардық. Қоқыс жәшігін сол жерден ғана таптық. Жағажайда бірде-біреуі кездеспеді.

Абай Қадыров, демалушы:

- Су бойында киім ауыстыратын кабина жоқ. Орнатуға болады ғой. Қуыс іздеп тентіреп кетпей осы жерден ауыстыра салатын.

Бурабайға демалуға келген жандардың тағы бір мәселесі автокөлік тұрағының тапшылығы. Сондықтан жүргізушілер машинасын кез-келген жерге қалдырып кетуге мәжбүр. Тіпті рұқсат етілмеген тұста да тізіліп тұрады. Арнайы жабдықталған орынның болмағанына қарамастан саябақтың аумағына кіру үшін әрбір көлік 306 теңге төлеуі тиіс.

Абай Қадыров, демалушы:

- Автотұрақ мәселесі тіпті қиын. Көліктің көптігінен жаяу жүргіншілер жолына қойға тура келеді. Өту мүмкін емес. Серуендеп жүрсең артыңнан келіп дабылын басып тұрады. Көлік орнын көбейтуге болады ғой. Мен көлігімді ақылы тұрақта қалдырдым. Жолдың арғы бетінде. Жақын маңда орын жоқ.

Жергілікті билік демалушылардың көптігі мәселені ушықтырып тұр дейді. Тәулігіне 5 мыңға дейін адам келеді. Тазалыққа жауапты әкімдік пен ұлттық парк басшылығы қоқысты дер кезінде шығарып үлгере алмайтын көрінеді.

Андрей Подгурский, облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- Қоқыс күніне үш рет шығарылады. Әрбір учаскені тазалайтын жұмысшылар да бекітілген. Бірақ демалушылар нөпірінің көптігінен сағат сайын жинауға мүмкіндік жоқ. Туристтер арасында да тазалыққа енжар қарайтындар бар. Қоқысын отырған жерінде қалдырып кетеді. Темекі тұқылы мен бөтелкелер тастайды. Сәлден кейін қоқыс үйіліп тұрғанын көреміз.

Мамандар автотұрақтың да аз екендігін мойындап отыр. Былтыр Бурабай ауылы мен Абылай хан алаңында 220 арнайы орын жасақталған. Бірақ бұл жағдайды түзей қоймады. Алайда демалыс аумағы орманда орналасқандықтан олардың санын көбейтуге мүмкіндік жоқ.

Андрей Подгурский, облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- Қолдан келгенше автотұрақты үлкейтіп келеміз. Бірақ демалушылар көбейген кезде барлығын бірдей қамту қиын. Қосымша орын ашу үшін орманды отауға тура келеді. Бірақ бұл мүмкін емес.

Су бойында киім ауыстыратын кабина орнату мәселесі де шешімін табар емес. Коммуналдық жағажайды қамтамассыз ету жергілікті әкімдікке жүктелсе, жекелері жалға алған кәсіпкердің мойнында. Салдарынан қызмет көрсету сапасы ақсап, демалушылар тарапынан наразылық күшейген.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Аслан Абуталипов, Виктор Полянный