Алакөлдің балшығын дұрыс пайдаланып жүрміз бе?

Көл жағасында балшықты сатумен негізінен балалар айналысады. Олар көлге жақын жердегі ойықтан алып, демалушыларға апарады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зайсан ауданынан келдім. Батпақтың қасиеті бар. Аяқ қақсағанда жақсы. Тізеге жағамыз. Болмаса алып кетеміз.

Бұрын қара саздың бір бөтелкесі 100-200 теңге болса, қазір бірнеше есеге қымбаттаған.

- Қаншадан сатасың балшықты?

- Мынау мың теңге. Мынау 500 жүз теңге.

- Күніне қанша табыс табасың?

- 10мың теңге. Адамдар жағалауда көп жүргенде көп табамыз.

Алакөлде балшық сату үйреншікті дүниеге айналған. Алайда кейбір демалушылар мұның дұрыс еместігін айтады.

Бақыт Стамбекова, демалушы:

- Жағалауда бөтелкеге құйып сатып жүр. Дұрыс емес деп ойлаймын. Бір жерге алып бір жерге сатқаннан адам қаншалықты байып кетеді?

 Ал көл жағалауындағы ауыл тұрғындары «балалардың балшық сатқанында тұрған ештеңе жоқ. Керісінше еңбекке, кәсіпке үйренеді» дейді.

Айжан Беренова, Қабанбай ауылының тұрғыны:

- Бірталай көмек болады ғой. Ата-анасына көмек. Көбіне олар ата-анасымен бірге жүреді. Бір жағынан табыс. Мектепке киім алса да. 

Ал экологтар Алакөлдің балшығын дұрыс пайдаланып жүрген жоқпыз, әуелі жақсылап зерттеуіміз қажет. Туристер бөтелкемен алып кететін қара саздың қаншалықты қауіпсіз екенін ешкім білмейді ғой» дейді.

Әсел Мұрзалимова, Химиялық технология және экология кафедрасының аға оқытушысы:

- Әлі толық зерттелінбеген, құрамы толық анықталмаған балшықты әртүрлі ауруларға ем деп пайдаланып жүр. Арнайы мамандар зерттеуі керек. Химиялық құрамы анықталуы керек. Медициналық тұрғыдан зерттелуі керек. Әртүрлі сараптардан өткізіп барып, пайдаланған жөн деп ойлаймын.

2017 жылы шығыс қазақстандық ғалымдар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірдегі 8 көл мен 2 қайнардың суы мен батпағының құрамын зерттеген болатын. Сол кезде Алакөлдің суында адам денсаулығына пайдалы радон бар екені анықталған.

Олег Гавриленко, геолог:

- Мен мұны еліміздегі сауықтыру орындарына енгізуге болады деп ойлаймын. Ал Алакөлдің балшығын зерттеп үлгермедік. Оның құрамында да радон болуы әбден мүмкін.

Экологтар мен биологтардың сөзінен түйгеніміз, Алакөлдің емдік қасиеті бар балшығын зерттеу үшін арнайы бағдарлама керек. Алайда бағдарламаның қашан, қалай әзірленетіні әзірге белгісіз.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов