Түркістан облысында мектеп жетіспейді 

Жарты миллион оқушысы бар Түркістан облысында 951 білім ұясы бар. Халқы тығыз орналасқан ауылдарда балалар үш ауысымда оқиды. Мамандардың айтуынша, өңірде мектеп мәселесін шешудің жоспары бекітілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мақтаарал ауданындағы Жолдыбай Нұрлыбаев атындағы жалпы орта мектеп өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған. Ауылдағы жас та, кәрі де осы мектепте оқып, білім алған. Қазір білім ордасы әбден ескірген. Қабырғалары сөгіліп, қасбеті түсіп жатыр. «Бірақ мәселе мектептің тозғанында емес» дейді ауылдықтар. Бала саны жылдан жылға көбейгендіктен бұл мектеп оқушыларға тарлық ете бастаған.

Мұхамедәли Әдіров, мектеп директорының орынбасары:

– 200 балаға шақталған мектеп, қазір бұл мектепте 400 бала оқиды. Екі ауысымда. 2021 жылы жаңа мектептің құрылысы басталған. Қазіргі таңда мектеп құрылысы аяқталуға жақын. Биылғы 2022 жылғы жаңа оқу жылында мектеп қолданысқа беріледі. Жаңартылған техникалармен қамтылады деген ниеттеміз.

Жаңа 300 орындық мектеп ескісіне қарағанда анағұрлым кең. Әрі заман талабына сай оқу құралдарымен жабдықталған. Мұнда химия, физика, биология кабинеттерінен бөлек, асхана мен спорт залы да қарастырылған. Жалпы Мақтаарал ауданында 56 мектеп болса, соның жетеуі әлі күнге дейін білім беру талаптарына сай келмейтін ғимараттарда орналасқан.

Асанхан Қошқаров, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы:

– Күрделі жөндеуді талап ететін бізде 18 мектеп бар. Оған қатысты техникалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, сметалық құжаттамаларын қазіргі таңда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сметалық құжаттармен қаржы қаралған. 2023-2024 жылдары осы 18 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ауданда қазіргі таңда апатты, үш ауысымды мектептер жоқ.

Жалпы Түркістан облысында үш ауысымда оқытылатын 6 мектеп бар. Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы бұл мәселенің бірте-бірте шешіліп келе жатқанын айтады.

Дінислам Болатханұлы, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:

Қазіргі уақытта 59 мектеп салынып жатыр. 2022 жылдың соңына дейін жоспарға сәйкес 34 мектеп пайдалануға беріледі. 2023-2025 жылдар аралығында 105 мектептің құрылысы жүргізіледі. Қазір оған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде үш ауысымды мектеп мәселесі біртіндеп шешімін табуда.

Қазір облыста 200-дей мектеп жетіспейді. Мамандар оларды алдағы үш жылдың ішінде толық шешеміз деп отыр.

Авторы: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов