Елорданы газға қосу жоғары қарқынмен жүріп жатыр

Елорданы табиғи газға қосу жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Бұған «QazaqGaz» Ұлттық компаниясының елорда әкімдігімен бірлескен үгіт-насихат шаралары септігін тигізді. Үйді газдандыру үшін алдымен техникалық шарттарды алу қажет. Қазіргі таңда газ мамандары техникалық шарттарды алу процесін жеңілдетті. QazaqGaz Ұлттық компаниясының тағы бір жаңалығы – олар әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың үйлерін газдандыруға кірісті.

Зейнеткер Талғат Ташкеев тұрып жатқан көшеде газ желілері 2020 жылы жүргізілген. Бірақ оның табиғи газды үйіне өткізуге мүмкіндігі болмады. Көгілдір экологиялық таза отынды пайдалану оның отбасы үшін  арманға айналған еді. Qazaqgaz Ұлттық компаниясында зейнеткерді қолдау туралы шешім қабылданды. Әлеуметтік көмек аясында сала мамандары құрылыс-монтаждау және іске қосу-жөндеу жұмыстарын жүргізді.  

Талғат Ташкеев, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Былтырдан бері көгілдір отын келіп жатыр, біраз жұрт тартып, игілігін көріп жатыр. Осыған дейін газ баллон жақтық, қыс бойы көмірмен пеш жағып шықтық, енді қазір мехнаттың барлығынан құтылайын деп отырмыз.

Бас қаладағы көгілдір отынның көкжиегі кеңейіп келеді. Жұмысты одан әрі жеделдету үшін қажетті құжаттар саны 2 есеге қысқарып, өтініштерді онлайн жіберу қарастырылған. Сонымен қатар "QazaqGaz" ұлттық компаниясы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды газдандыруға көмектесіп жатыр.

Санжар Жаркешов, QazaqGaz Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:

- Негізі халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған ерекше шарттар қолданылуда. Бүгін сол топтардың бір семьясына газ берілді. Үлкен қуаныш, халықтың батасын алып жатыр компания. Көктал-2 өңірінде 5 мыңға жуық үй бар, соның 39 пайызы, яғни 2 мыңға жуық үйі газбен қамтамасыз етілген. 

Өткен жылы QazaqGaz өкілдері өз қаржысы есебінен Интернациональный, Мичурино және Күйгенжар тұрғын алаптарына газ тарату желілерін салып, тұтынушылар үшін жағдай жасады. Ұлттық компания мамандары қала тұрғындарына күн суытып кетпей жаздың соңына дейін табиғи газға қосылып алу қажеттігін айтуда. 

Бекзат Аманов, Арман Ақшабаев