Ұлытау облысына республикалық қордан вакцина бөлінді

Ұлытау облысының Мибұлақ ауылдық округінде тараған індетпен күрес мақсатында республикалық қордан вакцина бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өлген малды өртеу жұмыстарын эпизотияға қарсы жасақ атқаратын болады. Бұл туралы құзырлы министрлік өкілдері айтты. Еске салсақ, өткен айда өңірде ірі қара арасында індет тарап, 70 басқа жуық мал арам қатқан. Қазіргі кезде ауыл әкімінің шешімімен шектеу шаралары енгізілген. Індет тараған жерде Қарағанды облысының эпизотияға қарсы жасақтары дизинфекциялық шаралар жүргізіп жатыр. Атап өткен жөн, қырылған малдың басым көбі бір шаруа қожалыққа тиесілі. Десе де тағы 3 шаруа қожалықтан да бірлі-екілі шығын болған.

Салтанат Әбілқасымова, ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті басшысының міндетін атқарушы:

Зерттеу қортындысы бойынша инфекция ринотрахит деген диагноз қойылды.  Осы 15 шілдеде ауылдық округ әкімінің шешіміне сай шаруа қожалықтарына шектеу шаралары енгізілді. Бұл ретте ошақты жою іс-шаралары мақсатында республикалық қордан 355 ірі қараға вакцина бөлінді. Сонымен қатар 2 мың шаршы метрге залалсыздандыру препараттары бөлінді.