Қазақстанда маймыл шешегінің таралу қаупі аз – Айжан Есмағамбетова

Демек елде инфекцияға қарсы жаппай екпе салудың қажеті жоқ. Бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова осылай дейді. Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегін анықтайтын ПТР-сынамалар алып қойған. Бұл дерт көбіне Африка елдерінде таралады. АҚШ, Еуропада да науқастар бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша, вирус тым жақын қатынаста болған адамдарға жұғады.

Айжан Есмағамбетова, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер:

- ДДСҰ ұстанымына сай, халықтың бәріне маймыл шешегіне қарсы екпе салудың қажеті шамалы. Себебі вирус тек жақын қатынаста болған жандарға жұғады. Қоғам арасында тарап кететін инфекция емес. Оған әдетте осал топтағылар шалдығып жатады. Отбасы мүшелері не медицина қызметкерлері сынды науқастармен тығыз байланыста болатындарға екпе салуға болады.