Алматыда сараланған тарифты алып тастау ұсынылды

Алматыда сараланған тарифты алып тастау ұсынылды

Алматыда тұтынушылар санаттары бойынша электр энергиясына сараланған тарифты теңестірудің пилоттық жобасы ұсынылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір елде электр қуатының тарифі үш деңгей бойынша сараланады.

Атап айтқанда, тұрмыстық тұтынушылар үшін баға. Заңды тұлғалар мен бюджеттік тұтынушылардың тарифін жасанды өсіру есебінен арзандатылып, сараланады. Нәтижесінде елдегі шағын және орта бизнес жыл сайын 31 млрд теңгені артық төлейді, - дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов. Сондай-ақ егер сараланған тариф алынып тасталса, тұтынушылардың энергиямен жабдықтау ұйымдарын қызмет сапасына қарай таңдауға мүмкіндігі бар. Алайда сараланған тарифтер жойылса, қатардағы тұрмыстық тұтынушылар үшін электр қуатының бағасы 10 процентке қымбаттайды. Пилоттық жобаны талқылауға қатысқан қоғам белсенділері жобаны жетілдіру керек екенін айтты.

Әсет Наурызбаев, қалалық Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті жанындағы тарифтер бойынша жұмыс тобының мүшесі:

- Өтемақыны жеке тұлғаларға емес, абоненттерге – электр желілерінің тұтынушыларына төлеу қажет. Яғни, электр қуатының бағасы 19 теңгеге қымбаттаса, оның 3 теңгесі мемлекеттік бюджет есебінен өтелуі тиіс. Абонент ескі бағамен 16 теңгемен төлейді. Сонда халықтың 71 пайызы электр қуатының қымбаттауынан зардап шекпейді. Ал, энергияны 90 киловатт/сағаттан жоғары тұтынатындар жаңа тарифпен төлесін. Сонда әділдік болады.