Жетісу облысындағы шалғай ауылдарда ұялы байланыс нашар, ғаламтор желісі жоқ

Жетісу облысындағы шалғай ауылдарда ұялы байланыс нашар, ғаламтор желісі жоқ

Көксу ауданының Жетіжал ауылы мен Қаратал ауданына қарасты Байшегір ауылдық округінің тұрғындары бүгін еліміздің цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрімен кездесу барысында осы мәселелерді көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаратал ауданының тұрғыны Гүлназ Өтежанова Ақжар ауылына «Теле 2» байланыс операторының мұнарасы орнатылғаннан кейін Алмалыда ұялы байланыс күрт нашарлап кеткенін айтты. 1,5 мыңнан астам тұрғыны бар ауылда әкімдік ғимараты мен мектеп, ауруханада ғана интернет бар. Қалған жерлерде мүлде ұстамайды. «Мектептегі жалғыз компьютерге орнатылған ғаламтор желісінің жылдамдығы секундына 4 мегабайтқа да жетпейді. Заң бойынша 8 мегабайттан төмен болмауы керек. Оптикалық талшықты байланыс біздің ауылымызға әлі келген жоқ. Сол себепті министрден ұялы байланысты жақсартуды өтініп сұраймыз», – деді Жетісу облысындағы шалғай ауыл тұрғындары.

Гүлназ Өтежанова; Алмалы ауылының тұрғыны:

Интернет жоқ. Байланыстың өзі нашар, телефон нашар. Ауданнан звондайды, сонда көбіне «не в зоне, не в зоне» боламыз. Жұмысымызды уақытылы жібере алмаймыз. Интернет тек қана бір-ақ точка, мектепте ғана бар. Мектепке келеміз түн болсын, күн болсын мысалы. Күнделік толтыру үшін мұғалімдердің барлығы әкімдікті жағалап, сол әкімшіліктің маңайында жүреді. Жылда «келесі жылы интернет орнатады» дейді. Сөйтіп-сөйтіп қартайып келе жатырмыз.

Бағдат Мусин, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

– Үйдің ішінде де, үйдің сыртында да арнайы замерлар тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Содан кейін біз айыппұл жазасын да операторларға белгілейміз және де келешекте мына қанша уақытта оны шешу керек, соны да белгілейтін боламыз. Жүгінгеніңізге рахмет!