Тарбағатайда ат бәйгесінен рекорд жаңарды

Абай облысының Ақсуат ауданында өткен 140 шақырымдық бәйге Гиннестің рекордтар кітабына енуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Тұғыры биік Тарбағатай» фестивалінде бұған дейінгі рекордтың мұрты бұзылып, Катонқарағайдың жүйрігі 7 сағатта мәреге жетті. Өнер және спорт шарасы кезінде «Асыл домбыра» айтысының биылғы жүлдегерлері  анықталды.

Шығыс топырағында осымен екінші мәрте ұйымдастырылған «Ұлы дала қазанаты» жарысы биыл ерекше өтті. 2019 жылы 106 жүйрік топқа түссе, бұл жолы іріктелген 20 тұлпар сайыстың көрігін қыздырды. Шабандоздарға қолайлы жағдай жасалып, жол бойына бірнеше киіз үй тігілді.  

Азамат Қасым, тілші:

– Көкпекті ауылынан таңғы сағат 4-те шыққан 17 аттың, міне, алғашқы легі көрінді. 4 ат өтіп бара жатыр. 6 ат болдырып, орта жолдан жарысты аяқтады. Біз тұрған жерден мәреге дейін әлі 25 шақырым бар.

Таң бозында Көкпекті ауылынан шыққан тақымы тастай шабандоздар түс ауа Екпін ауылындағы атшабарға ат басын тіреді. Катонқарағай ауданының «Тарпаң» атты арғымағы 7 сағат, 12 секундта мәре сызығын қиды.  

Сергей Рыбин, шабандоз:

Ақырын арт жақта шауып отырдым. Соңына  қарай жетіп алдым. Шынымды айтайын, бірінші орын алам деп ойламадым. Алматыдан келген аттар мықты екен.

Алтайдың жүйрігі бұған дейін Шығыстағы Зайсан ауданында өткен 130 шақырымдық бәйгеде де топ жарған. Оны да жұрт ұмыта қойған жоқ.    

Ерболат Тоқсанов, ат иесі:

Біз қысы-жазы жұмыс істейміз. Қыстыгүні қасқырға, жылқыға мінеміз. Шанаға жегеміз. Жұмыскер аттар ғой.Тамағын беру керек. Жұмысқа салу керек. Сонда мықты болады.

Қайрат Иісхан, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

Қазақтың төл жылқысы. Оның ерекшелігі, міністі, жегісті, бағалы, құнды жылқы екеніне осы бәйгеде нақты көзіміз жетіп отыр. Нағыз қазақ жылқысы екені дәлелденді.

Жарыс ұйымдастырушыларының айтуынша, биылғы бәйгеде рекорд жаңарды. Бұл нәтиже Гиннестің рекордтар кітабына енуі әбден мүмкін.   

Бәделхан Қамалханұлы, «Ұлы дала қазанаты» жарысының ұйымдастырушысы:

– Осыдан үш жыл бұрын 7 сағат, 37 минутта өткен болатын. Рекорд жаңарды 24 минутқа. Біз Гиннестер рекордына өтінім бергенбіз. Пандемияға байланысты тоқтап қалды. Бұйырса, паттенттеліп, қазақтың қазанаты тұңғыш рет 140 шақырымға шапты деп әлемге жар салуымызға болады.

«Тұғыры биік Тарбағатай» фестивалінің соңғы күнінде «Асыл домбыра» айтысының жүлдегерлері белгілі болды. Сөз сайысының финалында 16 айтыскер кіл мықтының ішінен кім мықтыны анықтады. Бұл айтыстың ерекшелігі, жеребені көрермендердің көз алдында тартты. 

Дулат Тастекеев, «Асыл домбыра» айтысының демеушісі:

– Асыл домбыраның ерекшелігі, жастарға мүмкіндік береміз. Олар Мұхтар, Ринат, Рүстем сияқты танымал ақындармен айтысып, халыққа таныла бастайды.

Мұхтар Ниязов, «Асыл домбыра» айтысының финалисі:

– Бұл айтыс ерекше, себебі, көрермен еш күмәнданбай жеребені өз қолымен суырып, кіммен-кімнің айтысатынын анықтап беріп жатыр. Меніңше, рухани-мәдени шаралардың шет аймақтарда көбірек өткені елдің еңсесін тіктейді деп ойлаймын.

Он мыңнан астам көрермен тамашалаған айтыстың бас жүлдесі асыл тастармен безендірілген домбыра мен авто көлікті Ринат Зайытов иеленді. Ал дәстүрлі «Асылтас» стипендиясы Мұхтар Ниязовқа бұйырды. 

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы