Торғайға туристі қалай тартамыз?  

Ұшы-қиырсыз Торғай даласындағы әр төбеде көненің белгісі бар. Мұқият зерттеп, сырын ашса, бұл өлке туристер үшін тартымды болар еді. Соның бірі – Торғай геогливтері. Топырақ үйіндісінен жасалған құпия төбешіктер әлем ғалымдарын таң қалдырады. Алайда зерттеу және насихаттау жағы кенжелеп тұр. Осыған жұрттың назарын аудару үшін «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Амангелді ауданына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Торғай өлкесі. Жаяу жүрген адамға бұл маң жай ғана жазық дала. Ал тарихына үңілсең, мына топырақ талай сырды ішіне бүгіп жатыр. Өйткені мұнда геоглифтер бар. Олар әлемдегі көне мәдениеттің белгісі екені айдан анық. Оны тек Қыран құс ұшатын биіктен ғана көруге болады. Торғай геоглифтері 2007 жылы ғарыштан көрінген. Содан бері бірнеше мемлекеттен ғалымдар келіп, құпия төбелердің қалай пайда болғанын зерттеп, бұл құпияның кілтін таппады. Бірі біздің заманымызға дейінгі 9-6-мыңжылдықта, енді бірі 10-12 мың жыл бұрын жасалған дейді. «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі Сапар Ысқақовтың айтуынша, бұл осы өлкеде өмір сүрген бабаларымыздан қалған мұра. Оны зерттеп насихаттау, осы арқылы Амангелді ауданына турист тарту бүгінгі ұрпақтың міндеті.

Сапар Ысқақов «Бабалар ізімен» ғылыми экспедицясының жетекшісі:

– Қазірдің өзінде 100-дің сыртында геоглифтер табылып отыр. Әр түрлі формамен істелген. Шет елдің ғалымдары келіп, мұны көріп таңқалып жатыр. Америкадан, Германиядан, Жапониядан. Бірақ әрі қарай ешқандай қозғалыс болмай жатыр. Сол қозғалысты кішкене үдету үшін, Торғай регионына көбірек туристерді келтіру мақсатында біз осындай шара жасап жатырмыз. Осында келген туристерді ұшақпен, авторанспортпен апарып көрсетуге болады. Бұған Үкімет көзқарасын өзгертуі керек. Әсіресе қазіргі Ғылым министрлігі бөлек шығып жатыр ғой. Солар кішкене бұған көңіл бөлу керек.

Экспедиция мүшелері елордадан Аманкелді ауданына шағын маторлы ұшақпен үш сағатта жетті. Әуе көлігімен көкте қалықтап, Үштоғай төрттағаны, Торғай свастикасы Екідін крестерін көрді. Ал мұндай мүмкіндік екінің бірінде бола бермейді. Өйткені елде шағын авиация оның ішінде туристік мақсаттағы ұшақтар жоқтың қасы.

Нұрлан Жұртекин, авиация орталығында интрукторы:

Екі-ақ адам. Турист қыдырып жан-жақты көретін болса, оған кішкене құрығанда 4 орындық болуы керек. Аз бізде самолеттер қазір. Кең байтақ жеріне авиация, әсіресе, кіші авиация дамуы керек. Біз кішкентай кезімізде ауылға самолеттер ұшып баратын АН-2-лар. Сондай деңгейге тағы жетсе, жақсы болар еді.

Болат Алпысбаев, Аманкелді ауданы әкімінің орынбасары:

– Бүгінгі күнге дейін көлікпен солай келіп танысқан. Бүгін ұшақпен келіп, қарап жатыр. Ол да бізге әрі қарай дамуға серпін береді. Астанадан үш сағатта келіп танысып жатыр. Үкімет жағынан бағдарламалар бар туризмді дамыту, инфраструктурасын дамыту. Егер сол жерге адамдар мол келетін болса, мүмкіншілктер көп.

Расында Торғайдың туристік әлеуеті зор. Бірақ келіп, көріп жатқан саяхатшы аз. Себебі жер шалғай, жол нашар, насихат кемшін. Қонақ үй, қоғамдық тамақтану орындарын да саусақпен санауға болады.Енді осы бір кенжелеп қалған саланы ауыл азаматтары қолға алды. Аманкелді ауданында бірегей туристік кешен салынып жатыр. Ішінде ерекше үлгідегі 12 нысан болады. Соның бесеуі биыл пайдалануға беріледі.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Самат Бекбатыров