Алматыда алыстан қатынайтын оқушыларға автобустар бөлінеді

34 мың алматылық оқушы мектепке қашықтан қатынайды.

Демек, осынша ата-ана баласы үшін алаңдап, күн сайын қоғамдық көліктің жолын тосады деген сөз. Себебі қыс болса күн ерте батады, жолдағы көлік кептелісі бар, тіпті жолаушының көптігінен бала қоғамдық көлікке сыймай да қалады. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап бұл мәселе шешімін таппақ. Алматы қалалық әкімдігі оқушылар үшін арнайы автобустар жобасын қолға алды. Арнайы автобус қай аудандарда іске қосылмақ?

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Қашықтан қатынайтын оқушылар үшін арнайы автобустар енгізу қолға алынып жатқанын ата-аналар алғаш сыныптың уотсап чатынан құлағдар болған еді. Сынып жетекшілері, мектепке алыстан келетін оқушылардың тізімін іріктеген. Әрине ата-аналардың қуаныштарында шек жоқ. Себебі қазір баланың қауіпсіздігі бірінші орындағы мәселе. Алдын ала жүргізілген сауалнама нәтижесінде мегаполисте 34 мың оқушы мектеп автобустарын қажет ететіні анықталған. Пилоттық жоба, бірінші кезекте автобусты аса қажет ететін мектептерде енгізіледі.

Атап айтқанда, Наурызбай, Алатау, Медеу аудандары және Бостандық ауданының таулы елді мекендерінен қатынайтын оқушыларға арналмақ. Жаңа жоба туралы ата-аналардың пікірін сұраған едік. Бірге тыңдайық.

БЛИЦ:

- Кезінде Бурындайда тұрып, кішкентай автобустар қатынайтын ғой, автобустың енді екі есік қой, екі бала бір мектепке баратын, біреуі кіріп, біреуі кірмей қалған ғой, сондай момент болып, таңға дейін баламды жоғалтып, есімнен танып, сөйтсем, Құдай сақтап, сол күні бір бұзылған автобус баламды мінгізіп алып, таңға дейін өліп тірілген күнім де болған. Осы жоба іске асса мен өте бақыттымын.

Қоғамдық көлікте балаларға өте ыңғайсыз, үлкен сөмкелерімен кейде сыймай қалады. Арнайы автобустар енгізсе, оқитын мектебі үйінен алыс жерде орналасқан оқушылар үшін өте ыңғайлы болар еді. Балалар белгілі бір уақытта автобусқа отырады, бұл өте жақсы.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, қазір мектеп автобустарын қажет ететін оқушылар тізімі нақтылануда. Содан кейін ғана қажетті автобустар саны мен жүру бағыты анықталады. Биылғы оқу жылындағы тағы бір жаңалық, мектеп формасы бірыңғай қара көк түсте болмақ. Бұған дейін пандемия уақытында оқушыларға еркін классикалық үлгіде киім кию рұқсат етілген. Енді тек қара көк түстегі форма кию міндеттеледі.