Энергетикалық сусын ұрпақсыз қалдыруы мүмкін

Адамның энергетикалық сусындарға аңсары ауа бастады. Біздің елде шетелден вагондап тасып, саудасын қыздырып келеді. Ендігі қауіп, энергетикалық сусын ұрпақсыз қалдырмай ма? Біздің емес, дәрігерлердің пайымы осындай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни ұрықты әлсіретіп, ер адамның белсенділігін төмендетеді. Дүкен сөрелерінде энергетикалық сусындар сіресіп тұр. Талғамыңа сай келгенін таңдап ішесің. Өтімі де жақсы. Басқа-басқа дәл осы энергетикалық сусындарға қазір жас та, жасамыс та құмар. Құрылысшы да, такси жүргізушісі де іздеп ішеді. Тек мұның арты қайда апарып соғады? Сол қауіп болып тұр. Құзырлы органдар биылдыққа 364 энергетикалық сусын түрін сынақтан өткізген. Сөйтсе 30 түрлі өнімнің техникалық регламент талаптарына сай келмейтіні анықталған. Оның 5-еуі қауіпсіздік, 10 өнім қоспалар көрсеткіштерін, ал 17-сі таңбалау талаптарын бұзған.

Біз тізген қауіпті энергетикалық сусындар шетелден келген. Мәселен, ресейлік сусындардың құрамында натрий бензоатының мөлшері нормадан асып кеткен. Ал бұл қоспа өнімнің жарамдылық мерзімін ұзарту үшін пайдаланылады. Нұр-Сұлтан қаласы мен Костанай облысында дәл осындай 2 сәйкессіздік анықталса, Түркістан облысында 6 өнім дүкен сөресінен алынды.

Данагүл Қасқатаева, ҚР ДСМ басқарма басшысы:

– Жалпы анықталған фактілер бойынша 1144 нұсқамалар берілді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер қозғалып, 3,5 млннан астам сомаға айыппұл салынды. Сауда орындарынан 4 тоннадан астам қауіпті өнім алынды. Сәйкес келмейтін өнім өндірушілерге қатысты тиісті шаралар қабылдау үшін 30 хабарлама жолданды.

Дәрігерлер, энергетикалық сусынның қалыпты құрамы да денсаулыққа зиян екенін айтады. Себебі, өнім қуатты сырттан қоспайды, адам бойындағы энергияны қоздырады. Семіздіктің себебі де, жүйкенің жұқаруы да осы сусынның салдарынан дейді олар.

Гүлмира Өгізбаева, гастроэнтеролог-дәрігер:

Кофейіннің көптігі салдарынан зат алмасу бұзылады. Гармоналдық жүйе бұзылғандықтан ұрықтың пайда болуы, сапалы ұрықтың болуы соның бәрі бұзыла бастайды да, ол кемітеді, рас бала көтеруге қыз жақтан болса да, жігіт жақтан болса да сондай қауіп бар. Инфаркқа әкелуі мүмкін. Инфарктың жасарып кетуі осы энергетикалық сусындарды қолданудың кеселінен деп ойлаймын. Сахарный диабет, өйткені қант составы көп та.

 

Қазір көлік жүргізушілері де осы сусынға құмар деп айттық. Мұның соңы жол апатына апарып соғуы әбден мүмкін. Статистиканы саралаған сарапшылар осылай дейді.

Тұрсын Жақпарова, сарапшы:

Ана сусынды ішіп алады, ойлайды қазір мен шыдаймын, күні-түні ақша табамын дейді. Тәулігіне  екі-ақ сағат ұйқтаған адам рөлге отырып, машина айдайды. Не болады сонда? Мысалы, шылымның зияны деген бетінде неше түрлі суреттер, шылым шексең осындай боласың деген бар ғой. Осы сусынға дәл осындай жазу керек. Тұтынушыға ақпарат керек.

Өнімнің таңбасын өзгерттік делік. Ал бұдан жұрттың талғамы өзгере ме? Жалпы энергетикалық сусындарға тәуелділікті қалай шектеуге болады? Бұл жауаптылардың қазанында қайнап, тыңғылықты талқыны қажет ептіп тұрған өзекті мәселе. Ал дәрігерлер энерджиді қарапайым кофемен ауыстыруға болатынын айтады. Себебі екеуінің де қуаты бірдей.

Авторлары: Бекзат Аманов, Аят Дүйсембаев