Жетісу облысында оқушыларға көмек ақша емес, мектеп формасы түрінде беріледі

Елімізде әлеуметтік осал топқа жататын отбасындағы оқушыларды мектеп формасымен қамтуға 15 млрд теңге қарастырылып отыр. Аталған көмек арқылы 418 мыңнан аса баланы жаңа оқу жылына дайындау көзделген. Әр балаға шаққанда 37-40 мың теңгеден айналатын қаражат биылдан бастап ата-аналардың есеп-шотына аударылады. Республика көлемінде қолға алынған жаңа бастама Жетісу облысында жүзеге аспайды. Бұған не себеп? Жаңа жүйеден үміт күткен ата-аналар не дейді?

Мектеп формасын алуға қарастырылған қаражат жеке есеп-шотқа аударылады дегенді естіген ата-аналар мән жайды білу үшін жиналды. Басқарма басшылығы және қала әкімімен кездескен олар енгізілгелі отырған жаңа жүйенің тиімді, ал қазіргі қолайсыз екенін айтты.

Маржан Құдайбергенова, қала тұрғыны:

- Былтыр берген формаларының сапасы дұрыс емес. Кофталары кішкентай, одан кейін түйіршік-түйіршік болып кетеді. Юбкалары жұп-жұқа, парталарға ілініп қалады, жыртылып қалады. Өзіне дәу болды. Ақшалай берсе өзің таңдап аласың жақсы качествода.

Гүлнұр Жақашева, қала тұрғыны:

- Ақшалай берсе екен дейміз аналар. Ақшаға біз ақша қосып балаларға бір бәле ғып, алып береміз ғой балаларға. Ұнағанын алып береміз, қалағанын алып береміз. Қыз бала өсіріп отырмыз.

Жетісу облысында тұрмысы төмен отбасындағы 14 мыңнан астам балаға костөм шалбар, жейде, сөмке және концеляриялық қажеттіліктер сатып алып беру көзделген. Ол үшін 361 млн теңгеден аса қаржы қарастырылып отыр. Әр оқушыға шаққанда 25 мың теңгеден айналатын қаражат не себепті жаңа жүйемен емес, мемлекеттік сатып алу негізінде жұмсалатынын сала жетекшісі былай, деп түсіндірді. 

Айжан Адамбекова, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Ол өзгеріс әлі заңды күшіне енген жоқ. Сол себепті ата-аналардың есеп-шотына қаржы қарастылмайды. Жетісу облысы бойынша жалпыға міндетті білім беру қорынан қаржы қаралған. 14 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетіледі. Барлық мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп, мектеп оқушыларына мектеп формасы және канцтауар ретінде көмек көрсетіледі.

Атаулы әлеуметтік көмек алатын, табысы жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінен төмен отбасындағы балаларға, жетім және асыраушысынан айрылған оқушыларды жаңа оқу жылына дайындауға арналған көмек биыл қалыптасқан жүйе негізінде беріледі. Ал келесі жылдан бастап қаражат ата-аналардың жеке есеп-шотына аударылмақ.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов