Тегін медициналық пойыз Павлодар облысының ауылдарына жетті

«Саламатты Қазақстан» жобасы аясында жолға шыққан медициналық пойыз қазір Павлодар облысында. Дәрігерлер үш күн бойы Май ауданының тұрғындарын қабылдады. Сонан соң Ақсу қаласына қарасты ауылдарға жол тартты.

Естеріңізге сала кетейік,  пандемия кезінде пойыз екі жыл тоқтап тұрды. Биыл сапарын қайта жандандырды. Бұл жоба дәрігер жетіспейтін шалғай ауыл тұрғындары үшін тиімді.

Мамайыт Омаров, Құркөл, Еңбек ауылы. Бір ауылдық округке кіретін үш елді мекенде халық саны 3 мыңнан асады. Олардың 800-і 18 жасқа дейінгі балалар. Медициналық поездың келе жатқаны туралы халыққа алдын ала хабарланған. Дәрігер ауылда бар. Тек кейбір мамандар тапшы  дейді тұрғындар.

Бибіжан Асарбекова, ауыл тұрғыны:

- Ауыл адамдары салалы мамандардың көмегіне зәру. Ультрадыбыстық зерттеуден өтіп, кардиолог, терапевт, стоматологқа  көрініп жатыр. Егер бұрын тек тісті жұлған болса қазір емдеп жатыр. Мен өз басым кардиологқа қаралдым. Ақсуға баруға бәрінің бірдей мүмкіндігі бола бермейді. Ауыл адамдары алдымен кезекке тұрады. Оны бірталай уақыт күтуге туралы келеді. Ал мына жерде бәрі қолайлы.

- Тамақ дұрыс қорытылмай жатыр. Сол үшін сізге диетаға отыру керек болады. Сізге тек жеңіл қорытылатын тамақтар. Ол қайнатылған күріш, картошка қайнатылған езіндісі.

Дәл осындай медициналық тексерулер барысында көптеген ауру түрлері анықталып жатады. Мамандар сол жерде кеңес береді. Дәрі-дәрмек, қажет болған жағдайда әрі қарай қаралуына жолдама береді.

Аман Қасенов, медициналық пойыз басшысы:

- Бізбен бірге ауыл адамдарына аса қажет салалық мамандар өте көп келе жатыр. Бұл жобаның өзі сол шалғайда жатқан елді мекен тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Бізге келген адамдар тексеруден өтіп, тиісті ем-шаралар алады.

Жолдағы емхана кешені заманауи емдеу құрылғыларымен жабдықталған. Дәрігерлік құрамға  жалпы тәжірибелік дәрігер, терапевт, педиатр, кардиолог, акушер-гинеколог, окулист, стоматолог, травматолог, хирург кіреді. Ультрадыбыстық зерттеулер мен  рентген жасалады.

Нұрипа Тайжанова, М.Омаров ауылының жалпы тәжірибелік дәрігері:

-Таңертеңгі сегіз жарымнан бастап үш ауылдың халқы келіп өздеріне медициналық көмек алып жатыр. Көбіне бізге керегі стоматолог, невропатолог, УЗИ кабинет болатын. Халықтың барлығы дән риза болып алғыстарын айтып жатыр. Өте көп бізге көмек. Өйткені халық, мысалы, тісін емдетуге, жұлғызуға немесе невропатолог, УЗИ-ға Ақсу, облыс орталығына бара бермей бір күн болса да өздеріне керекті дәрігерлік емін алып жатыр. 

Медициналық поездың жолға шыққанына бір жарым ай болды. Осы кезеңде жиырма бес станцияда аялдаған жылжымалы кешеннің көмегіне жүздеген адам жүгінген. Олардың арасында бір жасар баладан 90 жастағы қарияға дейін бар дейді мамандар. Пандемияға байланысты екі жылдық үзілістен кейін жолға шыққан поезд әлі төрт айдай қабылдау өткізетін болады. 

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат