СҚО-да 19 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды

СҚО-да 19 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Солтүстік Қазақстан облысында 19 мың гектарға жуық жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының көшпелі отырысында белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыл тұрғындары енді бұл жерлерде мал жайып, шөп шаба алады. Облысқа қарасты Ақжар, Қызылжар, Жамбыл, Ғабит Мүсірепов және Мамлют ауданындарындағы қайтарылған жер учаскелерін тұрғындар өз игілігіне пайдаланатын болды. Бұдан бөлек, Айыртау, Тайынша, М.Жұмабаев аудандарында мал жаю үшін 29 мың га жайылымдық жерді халыққа өтеусіз беру жөнінде ауыл шаруашылығы құрылымдарымен меморандум жасалды.

Бақытжан Базарбек, «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары:

- Солтүстік Қазақстан облысындағы негізгі мәселе – пайға берілген жер болып отыр. Картадағы талдау жұмыстары жер мәселесіндегі айла-шарғыдан аман қалған бірде-бір аудан жоқ екенін көрсетеді. Соның кесірінен кейбір пай иелері мәселені шешу мүмкін емес деп ойлап, қалаға көшіп кетті. Көбісі сот процесінде ұтылып, бізге жүгінеді. Біздің міндетіміз – жер қатынастары саласындағы заң үстемдігі мен әділдікті қалпына келтіру.