Министрлер өңірлерде 45 кездесу өткізді

Министрлер халықпен кездесуге шыққанда облыс орталықтарымен шектелмей, аудан, ауылдарға да баруы керек. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Үкімтте осындай ұсыныс жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Министрдің мәліметіне қарағанда орталық атқарушы орган өкілдері алты айда аймақтарда 45 кездесу өткізді. Көбі Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар облыстарында ұйымдастырылған. Алматы, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстанда керісінше, халықпен кездесулер аз өткен. Сондықтан жауапты ведомства кездесулер кестесін жасап бекітті. Бұған дейінгі кездесулердің қорытындысына қарағанда азаматтарды көбіне байланыс сапасы, жарық, газ, ауыз сумен қамту, жалақыны көтеру және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері толғандырған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

– Кейбір өңірлерде кездесудің жаңа форматына бейімделмей, ескі сүрлеуден шыға алмай отырғандар бар. Кездесулерде еркін кіру принципі сақталуы керек. Мемлекет басшысы халық үніне құлақ асатын Үкімет принципінің маңыздылығын атап көрсетті. Біз халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың сын-пікірлерін тыңдай білуіміз керек. Адамдарды күнделікті болып жатқан қарапайым мәселелер алаңдатады. Тек осындай кездесулердің қорытындысы бойынша ғана халықтың тарапынан 30 мыңға жуық мәселе мен ұсыныс көтерілді. бұлардың бірде біреуі қараусыз қалмауы тиіс.