Қарағандыда иммундық тапшылық вирусымен жыл сайын 300-ге жуық адам тіркеледі

Қарағандыда иммундық тапшылық вирусымен жыл сайын 300-ге жуық адам тіркеледі

Олардың көбі бойында вирустың барын алғаш естіген кезде өмірден баз кешіп кетеді екен. Бұл кезде дәрігер де, психолог та емес, АИТВ-ті жұқтырған кеңесшілердің қолдауы нәтижелі. Қарағандыда қауіпті індетті жұқтырып, бірақ өзгені емделуге үгіттеп жүрген кеңесшілердің қатары артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарағандылық Жаннаның өмірі шым-шытырық оқиғаға толы. Осыдан 20 жыл бұрын есірткі қабылдап жүріп, АИТВ жұқтырып алған. Артынша 6 рет істі болып, Қазақстан мен Ресейдің түзету мекемелерінде отырған. Ал бүгінде жеке бизнесі бар, аяқтан тұрған кәсіпкер. 2 бала мен 2 немеренің қызығын көріп отыр. Ол қазір бір кезде өзі сияқты өмірден түңілгендерден ақыл-кеңесін аямайды.

Жанна, тең дәрежелі кеңесші:

Олардан мұндай диагноз анықталған кезде өмірі аяқталғандай қабылдайды. Мен маған қараңдар деп қалжыңдаймын. Жасым 55-те, бірақ әлде қайда жас көрінем деймін. Өткенге өкініп, қалған өмірдің тас-талқанын шығаруға болмайды. Қазіргі терапияны дұрыс қабылдаса, ұзақ әрі бақытты ғұмыр кешуге болады. Менің пациентерімнің арасында 4-5 баласы барлар бар. Оларға солар үшін аяққа тұру керек деймін. Біз дәрігерлер мен пациенттер арасындағы мықты байланыс сияқты қызмет етеміз.

Қарағанды облыстық ЖИТС-тің алдын алу және күрес орталығы пациенттерге дипансерлік бақылаудан өзге әлеуметтік қолдау көрсетіп, психологиялық көмек береді. Осында арнайы оқып, білімін жетілдірген облыс бойынша 10 тең дәрежелі кеңесші бар. Олардың әрбірінде 300-ге жуық пациент бар. Науқастар әлеуметтік желіде топ ашып,басқа түскен кеселге барынша қарсы тұруға тырысады.

Ботагөз Жантақбаева, облыстық житстің алдын алу және күрес орталығының дәрігер-инфекционисі:

– Бұл науқастар өздері жалғыз емес. Соны тең кеңсшілер жақсы көрсете алады. Бірақ кеңесшілер кез келген адам бола алмайды, олар арнайы оқытылады. Бұл науқастар бізге келген кезде психологиялық тұрғыда ауыр болып келеді. Өйткені әр адам мұны өзіне естіген кезде қиын болып келеді. Сол кезде осы кісілердің көмегі өте зор.

Өңірде 90-шы жылдардан бері 7 мыңға жуық адамнан қауіпті індет анықталса, оның 3 мыңнан астамы көз жұмған. Бүгінде 4 мыңға жуық пациент тіркеуде тұр. Мамандар науқас ем-шараны үздіксіз қабылдаса, көп жасауына кедергі жоқ дейді. Айтпақшы, індеттің 70 проценті қорғанбаған жыныстық қатынас салдарынан болса, 25 проценті бір инені пайдалану салдарынан жұғады.

 

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар