Түркістан облысында 34 мектеп пайдалануға беріледі

Түркістан облысында 59 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Биыл 34-і пайдалануға беріледі. Оның 21-і бюджет қаржысы есебінен салынса, қалғаны жекеменшік мектеп6 деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл Сайрам ауданында 6 жекеменшік жаңа мектеп ашылады. Оның төртеуі жаңа оқу жылында ашылса, қалған екеуі жыл соңында пайдалануға  беріледі. Соның бірі – 1200 орындық мына мектеп Манкент ауылдық округінде салынды. Үш тілде білім береді. Балалар қазақ, орыс, өзбек тілінде оқиды. Заман талабына сай салынған білім ұясы 1 қыркүйек күні ашылады. Қазір құжат қабылдау басталды.

Низамхан Сүлейменов, кәсіпкер?

– Оқу да, кітап та барлығы тегін. «Алматы кітапқа» тапсырыс беріп, 30 млн-ға кітап алдық, 35 млн-ға мектеп формасын сатып алып қойдық. Спорт залдары, бассейндері, асханасы, акт залдары бар. Барлық талапқа жауап беретін мектеп. Мемлекеттік стандарт бойынша білім береді. Балалар келіп жатыр.

Сайрам – Түркістан облысының халқы тығыз орналасқан аудандардың бірі. Мұнда 79 мектеп, 64 мыңға жуық оқушы бар. Жеті мыңдай мұғалім білім береді. Биылғы жаңа оқу жылында 6 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Ауданда жекеменшік мектептердің көптеп салынуының нәтижесінде биыл Ақсу мен Манкент ауылдық округіндігі екі ауысымды 20 мектеп 1 ауысымға көшеді. Мамандар бұл қосымша білім беру, үйірмелер мен спорттық секцияларды ашуға мүмкіндік беретінін айтады. Сондай-ақ ауданда бюджет есебінен де жаңа білім беру мекемелері бой түзеп жатыр.

Ұласбек Сәдібеков, Сайрам ауданының әкімі:

– Мектепке деген қажеттілік үнемі артып отырады. Биылғы жылы мемлекеттің есебінен 2 мектептің құрылысы жүргізілуде конкурстар өткізіліп. Сонымен қатар 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар біздің аудандағы ерекше бір мәселе – жекеменшік мектептердің санының жылдан-жылға көбейіп жатқаны. Ауданымызда 12 мыңға жуық оқушы жекеменшік мектепке барады. Сондықтан бала санына байланысты мектепке қажеттілік үнемі артып отырады. Бұл салада нақты осындай жұмыстар жүргізіліп отыр.

Мемлекет басшысының 2021-2025 жылдар аралығында үш ауысымды мектеп мәселесін шешу, бала тапшылығын жою мақсатындағы тапсырмасына орай, Түркістан облысында кезең-кезеңімен 199 мектеп салу жоспарланған. Өткен жылы оның 60-сы ашылса, биыл 34-і пайдалануға беріледі. Ал келер жылы 33 мектеп бой көтереді. 2024-2025 жылдары 72 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, жаңа оқу жылында өңірде аз қамтылған отбасынан шыққан 52 мыңнан астам балаға мектеп формасы беріледі.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов