Павлодар облысының тұрақтандыру қорында 6 мың тонна азық-түлік бар

Биыл Павлодар облысында 25 мың гектар алқапқа картоп егілді. Ең жоғары өнім көрсеткіші Железинка, Ақтоғай және Павлодар ауданында деп болжанып отыр. Ас атасы наннан кейін тұрған өнімнің қазір ерте пісетін сұрыптары жиналып жатыр. Бүгінде қала базарлары мен әлеуметтік дүкендерде картоптың бір келісі 100 теңгеден басталады. Ал әлеуметтік маңызға ие азық-түлік түрлері тұрақтандыру қорынан босатылып жатыр. Сауда орталықтарына бір күнде 20 тонна қант жөнелтіледі. Құмшекердің шектеулі әлеуметтік бағасы 526 теңгеге тұрақтады дейді мамандар.

Павлодардың тұрақтандыру қорына 6 мың тоннадай азық-түлік қоры жасақталған. Оның 2 мың тоннадан астамы картоп, 337 тоннасы сәбіз. Әлеуметтік өнім түрлеріне жататын көкөністердің қатарын қырыққабат, қызылша, пияз толтырады. Бұл тез бұзылатын өнімдер. Сондықтан тауар өндірушілердің қоймаларында сақталады.

Қанат Әбдуәлиев, "Павлодар – ӘКК" азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінен директоры:

- Біздің өңір картопты тұтыну көлемінен 11 есе көп өндіреді. Сондықтан картоптың  бағасында айтарлықтай өзгерістер болмайды. Қалай болғанда да бағасы өзіндік құнына қарай қалыптасады. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы тұрақтандыру қорының ережелеріне сай біз ресми статистикалық бағадан 10  және одан жоғары процентке төмендетеміз.

Аймақта тұрақтандыру қорынан босатылатын тауарлар сатылатын 249 әлеуметтік дүкен бар. Мұнда көкөністен бөлек қант, ұн, қарақұмық, күнбағыс майы, күріш, макарон бұйымдары, бірінші санаттағы жұмыртқа сатылады. Жоғары сұранысқа ие тауарлардың көшін әлі де қант бастап тұр.

Қанат Әбдуәлиев, "Павлодар – ӘКК" азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінен директоры:

- Күн сайын тұрақтандыру қорынан шамамен 20 тонна қант жөнелтіледі. Дүкендерде шектеу қойылды. Біздің серіктес дүкендеріміз қанттың бір келісін 526 теңгеден сатып жатыр. Бұл халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына арналған баға.

Әулеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы облыстың тауар өндірушілерімен тығыз байланыс орнатқан. Бүгінгі күні шаруалар күзі жиын–терімді бастап кетті. Кейбір шаруашылықтар ерте пісетін картопты жинап болған. 

Геннадий Андрейцев, шаруашылық басшысы:

- Біз 230 гектар жерге көкөніс егеміз.  Оның  35 гектарына ерте пісетін картоп салған болатынбыз. Өнімді жинап болдық. Гектарына 27 тоннадан келді. Күздік картопты әлі қазбадық. 88 гектар алқапқа сәбіз еккен едік. Түсімі өте жақсы.

Шаруаларға  субсидия мен арзандатылған жанар-жағармай өз уақытында берілген. Негізгі жұмыс енді басталады.   

Есентай Мүрсәлімов, ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы:

- Заманауи агротехнологиялар мен минералды тыңайтқыштарды қолдана отырып, картоптың отандық және шетелдік селекцияларын өсіретін шаруашылықтар бір гектардан 45 тоннаға дейін өнім алады. Дәл қазір 250 гектар алқапта картоптың ерте пісетін түрлерін жинау жұмыстары жүріп жатыр. Павлодар дүкендерінде  картоптың келісі 100-150 теңгеден сатылып жатыр.

Ертіс өңірінің шаруалары картоптың галла, артемис, коломбо атты сұрыптарын өсіреді. Биыл жалпы көлемі 600 мың тоннадай өнім жиналады күтілуде. Оның 80 мың тоннасы облыс тұрғындарын қамтамасыз етуге кетсе, 60 мың тоннасы тұқым қорына құйылады. Павлодардың картобын еліміздің көптеген өңірлері, Өзбекстан, Қырғызстан және  Ресей сатып алады.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат