Бүлінген үйлерді кім қалпына келтіреді?

Басқарушы компания өкілдері «Бүлінген үйді қайта қалпына келтіруге міндетті емеспіз. Біздің міндетіміз – күтіп ұстау. Оны сол көпқабатты тұрғын үйді салған компания жөндеуі тиіс», - дейді. Үй тұрғындары да сондай пікірде, деп хабарлайды «Хабар 24».

  Ардақ Айбарұлы, тілші:

- 6-ықшам аудандағы №43 үйдің сылағы жартылай сылынып, жерге түскеніне он шақты күн болды. Не әкімдік, не жекеменшік пәтер иелері кооперативі тарапынан тырс еткен жан болмады. Сеткасы жергілікті дөкейлердің барсеткасына кетіп қалған ба деп ойлап едік. Абырой болғанда бар екен. Бірақ сапасыз тартылған сылақ аздап жел тұрса, жалпылдап, жерге түсіп жатыр. Ал ол біреудің басына құласа не болады?

- Менің ойымша, бұл адамның басына құлағанда не сотресение алады, не жансақтау бөлімінде жатады. Бұл дұрыс жасалмаған деп ойлаймын. Қыстың күні мұз құласа, өліп жатады, қайтыс болып жатады. Ол да осындай салдарға әкелуі мүмкін.

- Сапасыз салынған. Көбінесе облицовкалары құлап жатыр көріп тұрғандай. Кафельдары құлап жатыр. КСК-ға төлеп жатырмыз енді, қайда кетіп жатқанын ешкім қарамайды. ЖКХ-ға айтқанбыз, келіп қараған. КСК жасауы керек дейді. Енді КСК-ны білмеймін неғып жасамай отырғанын. Акимат қайда қарап жүр? Түсінбейміз енді.

Амангелді Белтайұлы, қала тұрғыны:

- Соны енді қайтадан жөндеу керек тезірек. Әйтпесе мусордың бәрі шашылып жатыр ана жерде. Кім жасады? Сол адамдар жасауы керек, сол организация.

Мәдина Жаманқұлова, «Қуаныш» ЖШС басқарушы компаниясының директоры:

- Өзіміздің жаңағы тұрғындардың төлеп жатқан эксплуатациялық шығындар дейді ғой, сол ақшаға біз өзіміздің күшімізбен крышаларды жасадық. ЖКХ-ның қарауындағы үйлер болып саналады. Бәрі жаңадан салынған үйлер болса да, үйлердің качествосы дейміз ғой, өте нашар салынған. Білмеймін бұл кісілер қалай қабылдап алады?

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Иә, жасыратыны жоқ, бізде мердігер салады, әкімдік қабылдап алады. Ақыр аяғында әлгі нысанды тұрғызған құрылыс компаниясы «банкрот» болып шығады. Мұнда да тап сондай жағдай қайталанып отыр.

Бауыржан Нұрмолдаев, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Құрылыс бөлімімен 2016 жылы құрылыс қабылданып алынды. Қазіргі таңда құрылыс жұмысын жүргізген мердігер ұйымы банкрот болып табылады. Қазіргі таңда орын алған ауқаулы жұмыстарды әкімшілік тарапынан шешу жолдары жүргізілуде.

Бұл көпқабатты тұрғын үй 2014-2016 жылдар аралығында салынып, пайдалануға берілді. Онда негізінен мүгедектер мен көпбалалы аналар, бюджеттік сала қызметкерлері тұрады. Олардың қолында әлі күнге дейін құжаттары да жоқ. Айтуларынша, өз пәтерлерін сот арқылы жекешелендіре бастаған. Үй толығымен жекеге өткен соң. оны күтіп ұстау мәселесіне тұрғындардың өздері тікелей жауапты болады. Құрылыс компаниясы «банкрот», ал үйдің 2 жылдық кепілдік мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Сондықтан дәл қазір мәселенің түйіні тарқатылар тұсты тап басып айту өте қиын.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев