Алакөлге апаратын жол 10 жылдан бері жөндеу көрмеген

Қазақстандықтардың көбі отандық шипажайларда демалғаннан гөрі шетелге тур сатып алғанды жөн көреді. Себебі жергілікті инфрақұрылым сапасы сын көтермейді. Мысалы, Балқаш пен Алакөлге жетудің өзі бір азап. Мұнда апаратын тас жолдар нашар болғандықтан жолай темір тұлпарлардың сынып қалып жататыны да жасырын емес. Жалпы еліміздегі демалыс орындарына дейінгі жолдар қашан қалпына келтіріледі? 

- Біздің жолдың түрі мынау міне. Мына дөңгелек жарамай қалды міне. Құрметті жоғары жақтағылар! Мынаған бір көз қырларыңызды салсаңыздар, жақсы болатын еді.

Мына бейнероликті біздің редакцияға Абай облысының тұрғындары жіберді. Бұл республикалық маңызы бар Өскемен – Талдықорған тас жолындағы көріністердің бірі. Қазақстандықтардың көбі демалатын Алакөл шипажайына апаратын жол шамамен 10 жылдан бері жөндеу көрмеген. Жоспар бойынша жауапты мамандар оның құрылысын биыл бітіруі тиіс еді. Алайда әлі күнге дейін бұл жұмыс аяқталмаған. Балқаш көліне дейінгі жол да көлік жүргізушілерінің көңілінен шықпайды. Мәселен, елордадан демалыс орнына жету үшін 8 сағаттан артық уақыт кетеді. Бұл жолдардың тағдыры жайлы Қазавтожол ұлттық компаниясының өкілдерінен сұрадық. Мамандардың айтуынша, биыл құрылыс жұмыстары жанданды. Аталмыш тас жолдар тек  2024 жылы қолданысқа беріледі екен.

Ләззат Стамғазиева, "ҚАЗАВТОЖОЛ" ҰҚ ресми өкілі:

- Балқашқа келетін болсақ, ол жоба Қарағанды-Алматы жобасына кіреді. Осының аясында Балқашқа кіретін жолда бар. Алакөл туралы айтатын болсақ, ол Өскемен -Талдықорған жолының аясында жасалып жатыр. Екеуінің пайдалануға беру мерзімі жайында айтатын болсақ, біріншісі 2023, екіншісі 2024 жылы беріледі. Балқаш 2024, Алакөл 2023 жыл.

Тас жол құрылысының ұзаққа созылуына бірнеше себеп бар. Мәселен, коронавирус пандемиясы кезінде шекара жабылғанда мердігерлер шетелден құрылыс материалдарын жеткізе алмады. Битум бағасы да шарықтап, тоннасы 250 мың теңгеге дейін жеткен. Саладағы сыбайлас жемқорлық көрсеткіші де жоғары болып тұр. Мәселен, былтыр республика бойынша парақорлықтың 18 дерек тіркелсе, биылғы жарты жылда жауапты ведомствода 15 қылмыстық іс қозғалған.

Саян Ахметжанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алдын алу қызметінің басшысы:

- Тек соңғы 5 жылда бюджеттен 1 триллион 700 млрд теңге бөлінген. 2018 жылдан бастап Жыл сайын 300 миллиардтан бөлінген. Осы бағыттағы мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары кезінде іске асыруға жете бермейді. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану тиісті бақылаудың болмау нәтижесінде сол проблема саласында қалып отыр.

Аталған түйіткілдерге қарамастан, тас жол құрылысы мүлдем тоқтап қалған жоқ. Бүкіл ел бойынша жолдың ұзындығы 25 мың шақырымды құраса, оның 7 мыңы биыл жөндеуден өткізіле бастады. Бірақ бұл бүгін-ертең бәрі керемет болып кетеді деген сөз емес. 

Ләззат Стамғазиева, "ҚАЗАВТОЖОЛ" ҰҚ ресми өкілі:

- Осы 7 мың шақырым жолдың барлығы биыл бітіп, қолданысқа беріледі деген сөз емес. Олар жол мамандары біледі, бұл бірнеше жылға созылатын жобалар. 

Саладағы құрылыс жұмыстарының маусымы 7 айдан аспайды. Қыста асфальт төсеу мүмкін емес. Білікті кадр тапшылығы да бар. Сол себепті қазақстандықтарға әлі де шыдамдылық танытуға тура келетін сынды.

Дариға Ташенова, Артур Горшняков