Қарағанды облысында әскерилер арасында оқу-жаттығу басталды

Қарағанды облысының Қарабас кентінде әскерилер арасында екі күндік оқу-жаттығу өтуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған Ұлттық ұланның 4 бірдей өңірлік қолбасшылығы және Ұлттық ұлан академиясынан келген 42 спортшы қатысып, бақ сынап жатыр. Жарыс екі бағытта өрбімек: алғашқысы 1 мың және 3 мың метрді жылдамдыққа жүгіру болса, келесі кезең штаттық қарудан нысананы дәлдеп ату болмақ. Мергендер «Макаров» тапаншасы, «Калашников» автоматы және «Драгунов» винтовкасы сынды қару-жарақты қолданып нысананы көздейді. Атап өткен жөн, республикалық жарыс қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде көз жұмған қатардағы жауынгер Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановтың құрметіне арналып отыр.

Ержан Момбаев, 5516 әскери бөлімінің кіші сержанты:

– 2015 жылдан бері қатысып келемін. Бүгін жеңеміз деп ойлаймын. Себебі 2 апта көлемінде жаттығу жасадық. Оның алдында да жарыста жеңімпаз болған соң сенімділік бар.