Қоғамдық тамақтану орындарының жайы аянышты

Маман тұрақтамайды. Құзырлы қауымдастық жетекшісі Гүлбану Майғарина жұмысшыларды ресми тіркеу де кәсіп иелеріне тиімсіз екенін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол мәселені шешу үшін салық көлемін азайтуды сұрайды. Экономика жаңалықтарының шолушысы Мерей Мұратханқызы сабақтайды.   

МЕЙРАМХАНА ИЕЛЕРІНІҢ АЙТАРЫ БАР

Қоғамдық тамақтану орындарында қызмет ететін мамандардың дені ресми тіркелмеген. Мұны кәсіп иелері мойындап отыр. Бұған себеп көп. Ең алдымен, салықтың салаға салмақ салып тұрғаны бар. Соның салдарынан жұмысшыларға жалақы төлеу қиындаған. Қоғамдық тамақтану қауымдастығының жетекшісі Гүлбану Майғарина мәселені шешу үшін салық көлемін азайтуды ұсынды. Оларға қосымша құн салығының шекті мөлшері тиімсіз боп тұр. Ол 2023 жылға 20 000 АЕК, яғни 61 млн теңгеге дейін төмендетілген. Нәтижесінде шағын кәсіпкерлер орта бизнеске ауысуға асықпайды. Мамандар қазіргі қарқынмен саланың әлеуеті құлдырай береді деп күрсінеді. Банкрот алдында тұрған мейрамхана, дәмхана иелері бөлшек салықты 3% - ке дейін, еңбекақы салығын ең төменгі жалақыдан 20% - ке дейін төмендетуді сұрайды. Белгілі ресторатор Артём Марченко да есеп беру жүйесін жеңілдету керек дейді. Дегенмен, мамандар қызмет ақысын көтермеуге мүдделі. Өйткені бұл тұтынушылар санын одан сайын азайтып жіберуі мүмкін. Онсыз да пандемияда кәсіпкерлердің қарызы көбейіп, біразы қызметін тоқтатқан еді

Гүлбану Майғарина, Қоғамдық тамақтану қауымдастығының басшысы:

- Салықты төмендетсе, біздің бизнес көлеңкеден шығар еді. Бюджетке түсетін түсімдер көбейеді. Банктердің бізге деген сенімі нығайып, шетелдік инвесторлардың қызығушылығы қайта артар еді. Жалпы, қоғамдық тамақтануды ынталандыру туристік бизнесті дамытуға көмектеседі. Өйткені демалу шығындарының 40% - ін орташа турист ойын-сауық шараларына, соның ішінде мейрамханаларда тамақтануға жұмсайды.

ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНЫҢ 60 ПРОЦЕНТІ КЕШІКТІРІЛЕДІ

Материалдардың қымбаттауы 200-ден аса мемлекеттік нысанның құрылысын тоқтатып қойды. Қайта сараптау нәтижесінде 261 жобаның бастапқы құны 124 млрд теңгеге қымбаттағаны анықталды. Яғни 486 млрд теңгеге салынуы тиіс нысандар соңында 612 млрд теңгеге бағаланған. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдеді. Ал жергілікті бюджет көтермейтін болған соң, 46 нысан бойынша мердігерлермен келісімдер ұзартылмады. Себебі, заңға сай артылған сома әкімдік есебінен өтелуі тиіс.

Нәтижесінде Алматы, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарындағы әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым және жолдар құрылысы тоқтап қалды. Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті

Виктор Микрюков өндірушілер мен құрылысшылар арасында байланыс жоғын алға тартты. Соның салдарынан елдегі құрылыс компанияларының 60 проценті нысанды белгіленген уақытында өткізе алмай отыр. Ол субъекттердің 15 проценті қарашаға қарай нарықтан кететінін болжады. Себебі салада тұрақтау қиындап барады. Валюта құбылып, логистика мәселесі де күрделі. Себебі импортқа тәуелдіміз.

Еске салайын, қазір елде бой көтеріп жатқан 5600-ден аса нысанның тең жартысы мемлекетке тиесілі.  

Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті:

- Елде 50 кірпіш өндіруші бар делік. Бірақ, олардың қуаты қандай? Қанша өнімге тапсырыс бере аламыз? Бұл бойынша жүйе жоқ. Салдарынан бір нысанға 1,5 жыл бұрын тапсырыс беріп, өнімді күтіп отырамыз. Бұл кезде екінші өндіруші өнімін сата алмай әлек болады. Жергілікті құрылыс материалдарын өндірушілермен жұмыс істеу өте қиын. Оған қарағанда өнімді несиеге беріп, тезірек жеткізуге дайын отыратын шетелдіктермен жұмыс істеу тиімдірек.

АЛТЫН – ИНВЕСТИЦИЯ

Мерей: Қазақстандықтар алтынды инвестиция құралы ретінде санай бастаған. Өткен айда азаматтарға 2712 құйма сатылды. Бұл алдыңғы айдан 518-ге көп екен. Бұған дейінгі үш айда көрсеткіш анағұрлым төмендеп кеткен еді. Ұлттық банк дерегінше, алтын құймаларды қайта сату көрсеткіші азайыпты. Екінші деңгейлі банктер мен айырбастау орындарында сатылған 19 келі құйманың 32 грамы ғана қайта саудаланған. Жалпы жыл көлемінде елде 24500-ден аса алтын құймасы сатылды. Оның жалпы салмағы 635 келіден асады. Бұл былтырғыдан 38 процентке көп. Бірақ құймалардың орташа салмағы 34-тен 26 грамға түсіпті. Оған халықтың жеңіл құймаларды алуы себеп.

АЗИЯДАН ЕУРОПАҒА 5 ТАНКЕР ДИЗЕЛЬ ОТЫНЫ ЖӨНЕЛТІЛЕДІ

Тамызда Азиядан Еуропаға 3 млн баррель дизель отыны тиелген 5 танкер жөнелтіледі. Бұл жарты жылға жуық кезеңдегі ең жоғары көрсеткіш. Тасымалдың артуына Еуропа елдеріндегі энергия қауіпсіздігі мәселесі, газдың қымбаттауы және Ресеймен сауда байланысының кідіруі себеп. Сарапшылар Таяу Шығыстан да тасымал көлемі артады деп отыр. Трейдерлерді Еуропадағы дизель отынының қымбатырақ болғаны қызықтырады. Оған қоса Қытай экономикасының әлсіреуі мен Үндістандағы тыныштық аталған елді қажет өніммен қамтуға мүмкіндік беріп тұр. Жаздың ыстық болуына байланысты Еуропада қуаңшылық белең алды, газ құны шарықтап тұр. Демек дизель қорын арттыру өзекті.