Ақтауда жеделсатының бөлшектерін ұрлау тыйылмай тұр

Ақтауда 120-дан астам лифтіні ауыстыру керек. Тозығы жеткен жеделсатылар екі күннің бірінде бұзылып қалады. Салдарынан жұрт жоғары қабатқа жаяу көтерілуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр ғана қойылған он шақты жеделсаты да істен шықты. Жауаптылардың айтуынша, белгісіз біреулер бөлшектерін ұрлап кеткен. Көпқабатты үйдің тұрғыны Кристина Гурцинас жаяу жүруден шаршағанын айтады.  Лифтілер жиі бұзылады. Тұрғындар жауапты мекемелерге талай рет өтініш жазған. Алайда құлақ асар ешкім жоқ.

Кристина Гурцинас, қала тұрғыны:

Мына лифт бірнеше жылдан бері бұзылып қала береді. Қатты жел болса да тұрып қалады. Пәтер иелері кооперативіне айтқан едім. Алайда сендердің мәселелерің, өздерің шешіп алыңдар деді. Ал мына қасындағы лифт былтыр қойылды, су жаңа. Бірақ 2 аптадан бері тұрып қалды.

Тұрғындардың айтуынша, 4-шағынаудандағы бірнеше үйдің лифтілері тұрып қалған. Себебі бөлшектері ұрланып кеткен.

Қаладағы жеделсатылардың бөлшектері жиі ұрланатынын жауаптылар растады. Қазіргі таңда тексеру жүріп жатыр. 2 млн-нан астам шығын келген.

Бахтияр Мақсатов, Ақтау қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

– Қосалқы бөлшектер ұрланғаны анықталды. Ол бойынша қызмет көрсеткен «Ақтау лифт» мекемесімен бірлесіп, полицияға арыз жазылған болатын қала әкімдігі тарапынан да. Келтірілген шығынды, келтірілген ұрланған желілердің мөлшерін анықтап бердік. Ақтау қаласы бойынша жалпы саны 938 дана жеделсаты орнатылған. 550 смарт картасыз, 388 данасы смарт карта арқылы қызмет етеді. Қала әкімінің теңгерімінде 278 дана жеделсаты бар.

Оның ішінде 124 лифт тозып тұр. Былтыр жергілікті бюджет қаражатына 15 жеделсаты ауыстырылыпты. Биыл тағы 15-ін жаңарту жоспарланған. Бұл мақсатта 212 млн теңге жұмсалмақ. Қалғандары қаражат бөлінсе, кезең-кезеңмен ауыстырылады, дейді әкімдіктегілер. Ал бөлшектері ұрланған лифтілерді жөндеу жұмыстарына ақша кінәлілерден өндірілмек. Тек оларды тапқанша, тұрғындарға оңай болмайын деп тұр. 

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев