Жамбыл облысында мемлекет қаржысына салынған футбол алаңдары қирап жатыр

Жамбыл облысында 10-нан аса футбол алаңы сапасыз салынған. Бұл нысандарға мемлекеттен қыруар қаржы бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пайдалануға берілгеніне бірнеше жыл болса да, қабырғалары құлап, жасыл алаңы жарамсыз болып қалған. Ал жауаптылар қаржының аздығынан құрылыс сапасыз салынды деген уәж айтуда.

Мерей Бает, тілші:

Жасөркендегі жасыл алаң қазан айында ғана пайдалануға берілген. Дегенмен доп қуалаған ауыл балалары су жаңа футбол алаңының бір бұрышында ғана ойнаға мәжбүр. Себебі спорт алаңы жылға жетпей қирап қалған.

Жел көтерген төсенішті жеткіншектер өздері түзеп, осылай қалыпқа келтіріп алады. Дегенмен жарығы сөніп, қабырғасы құлағалы тұрған алаң балаларға тым қауіпті. Ауылдағы «ағайын алаң арзанқол материалдан жасалғандықтан бір маусымға да шыдамайды» деп қапалы.

Мұрат Сейдібалиев , Жамбыл ауданының тұрғыны:

Клейі де жақсы болу керек екен, ол да дұрыс емес болған. Өңкей сапасыз материалмен жасаған ғой. Енді мердігерді әкімге айттық, мердігерді таппай отырмыз. Бір кеп көрген де жоқ. Оның бір жыл ма екі жыл срогы бар ғой, сол бітпей  тұрғанда мынаны істеп беру керек қой.

Мұндағы жұрт жергілікті биліктен күдер үзген. Мердігер компания өкілдері кепілдік мерзімі өткенше кемшілікті жоюы тиіс. Бірақ әкімді де, құрылысшыларды да көрмедік дейді тұрғындар. Амалсыз өздері жамап-жасқап көрген.

Ермек Сағымбеков, Жамбыл ауданының тұрғыны:

– Мынаны ауылдың балалары өздері клей жағып, клейлеп көрген ол да болмады. Одан кейін мына прожекторларды, ауыл балалары өздері жиып сатып алған. Прожекторды да қойған жоқ. Енді көріп тұрсыздар шамамыз келгенше жамаймыз. Онда да болмайды.

Алмына алаң сол Жамбыл ауданындағы Бәйтерек ауылында орналасқан. 2019 жылы салынған спорт алаңы алғашқы желге шыдамаған. Енді қоқыс болып үйіліп жатыр. Жалпы ауданда 27 дәл осындай футбол алаңы болса, оның 14-і қайта жөндеуді қажет етеді. Ал жауаптылар болса, спорт алаңдарының жаппай сапасыз болуы, қаржының аздығына байланысты дегенді алға тартады.

Қайрат Ержігітов, Жамбыл аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

– 3,5 млн-нан 4,5 млн-ның арасында салынған  кіші футбол алаңдары. Ал егер де таза былай алатын болсақ, мынандай ақшаға заманауи үлгіде сала алмайсың қазіргі уақытта. Заман талабына сәйкес салатын болса, 10-15 млн-ның арасында қаржы кетеді.

Аудан атқамінерлері сапасыз салынған алаңдарды мердігерлерге сот арқылы жөндетпек. Одан бөлек, 17 ауылдық округке спорт кешенін салып, 2025 жылы 100 пайыз қамтимыз деп мәлімдеді. Ол бағытта 1,5 млрд теңге бөлініп, биыл 5 кешеннің құрылысы басталған.

Авторлары: Мерей Бает Тимур Сейілхан Руслан Ахатілла