Көкшетауда құзырлы органдар жеке үйлердің өрт қауіпсіздігін тексеріп жатыр

Жыл басынан бері Ақмола облысында 10 адам өрттен көз жұмған. Қазір өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жеке үйлердегі қауіпсіздік ережелерінің сақталуын тексеріп жатыр. Жылыту маусымының алдында бір ай бойы профилактикалық іс-шара өткізбек. Мақсат қайғылы оқиғалардың алдын алу.

- Смотрите, вот здесь у вас дым идет, видите, да? Вот от этого дыма выйти угарный газ и можно отравиться... 

Қазір жаздың соңғы айы болғанымен Көкшетауда күн суытты. Қыркүйектен бастап жеке үйлерде тұратындар от жаға бастайды. Сондықтан пештің жылыту маусымына әзірлігі маңызды. Бірақ, өкінішке орай, олардың көбі дайын емес. Бірінің қабырғасы жарылып жатса, енді бірінің мұржасы талапқа сай келмейді.  

- Это надо будет в кратчайщие сроки устранить. А также соблюдать правили пожарной безопасности.

Біз түсірілім барысында аралаған 5 үйдің барлығында осындай жағдай. Кейбірінің пеші тіпті, құлауға шақ тұр. Электр желілері де ескірген немесе өрт қауіпсіздігі ережелеріне сай емес. Құтқарушылар, бұл, жылда кездесетін кемшіліктер, дейді.

Нұрлан Атығаев, облыстық ТЖД бастығы:

- Жеке тұрғын үй алабын аралау барысында біз үйлердің 80 процентінде пеш пен электр желілерінің қысқа дайын еместігін көреміз. Ал мұның арты қайғылы жағдайларға алып келуі әбден мүмкін. Біздің қызметкерлер қандай да бір ақауы бар баспаналардың иелеріне ескерту жасап, кемшіліктерді жоюға кеңес береді.

Алайда құзырлы орган өкілдері, өрт қаупін тудырғаны үшін тұрғындарға ешқандай айыппұл сала алмайды. Сондықтан да болар үй иелері көбіне олардың сөзіне құлақ аса бермейді. Дегенмен, осы бір айдың ішінде өрт сөндірушілер 6 мыңнан астам баспананы тексеруді жоспарлап отыр.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Жалпы биыл жыл басынан бері жеке тұрғын үй алабында 400-ге жуық өрт дерегі тіркеліп, оларда 10 шақты адам көз жұмған. Ал, сондай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін мамандар, әр үйде мынадай өрт сөндіргіш баллондар болу керек дейді.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный