Қарағанды облысында бала құқығы жөніндегі омбудсмен жұмысына кірісті

Қарағанды облысында бала құқықтары жөніндегі уәкілдің жұмысына кіріскеніне небәрі 1 апта мерзім ішінде оннан астам арыз-шағым келіп түскен. Олардың басым көбі отбасылық және оқу ісіндегі олқылықтарға қатысты туындап отыр. Бұл туралы кенді өлкенің бала құқығы жөніндегі уәкілі мәлімдеді. Еске салсақ, бұдан былай елдің барлық өңірінде бала құқықтары жөніндегі омбудсмендер жұмыс істеп жатыр. Олар кімдер және көмегіне қалай жүгінуге болады?

Ирина Киселеваның Қарағанды облысының бала құқығы жөніндегі уәкілі қызметіне кіріскеніне 1 апта ғана болған. 40 жылға жуық педагогикалық тәжірибесі, тағы 20 жыл мемлекеттік қызметте еңбек өтілі бар ол, зейнет жасына жеткенде бүлдіршіндердің құқығын қорғауға мықтап кіріспек. Мысалы, оған 1 аптада 13 арыз-шағым келіп түсіпті.

Ирина Киселева, облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Біздің жұмыс көбінесе ұсынымдық сипатта өрбиді. Бірақ қажет болса бьарлық құрылым, органдармен бірлесе жұмыс атқаруға дайынбыз. Бастысы баланың құқығы қорғалуы тиіс. Мысалы, осы бір аптада 13 арыз келіп түсті. Олардың сипаты да сан алуан. Тіпті мектеп ішінде немесе, балалар арасындағы қақтығыс та бар. Балалар үйінен шыққан жандар келді. Олардың бәрі тіркеліп, жіті бақылауға алынады. 

Бала құқықтары жөніндегі омбудсмендердің мемлекеттік органдар мен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт және халықты әлеуметтік қорғауұйымдарына кедергісіз кіретіні белгілі. Ал қарапайым халық болса уәкілдердің жұмысынан үлкен үміт күтетінін жасырмайды.  

Блиц:

- Қазіргі балалардың ойлары да, тәртібі де ерекше. Кей отбасыларда бұзылады, кей отбасында бала құқығы керісінше тым жоғары. Сондықтан әрине заң жүзінде болса ол дұрыс деп санаймын. 

- Әрине жұмыс істеген дұрысқой, ата-ана болғансоң құқығын қорғаған дұрыс. Өзім балам үшін өліп кете жаздаймын. Құқығын да, таңдауын да сақтаймын. Ата-анамен жұмыс істеген дұрыс шығар негізі. 

Расымен де омбудсмендердің көмегіне тек балалар ғана емес, ата-аналар да жүгіне алады. Уәкілдер бала құқығының тапталмауын қадағалап, келген арыз-шағымдарды тексереді. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қоғамдық негізде жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар