Лаоста алданған қазақ қызының ісін Вьетнамдағы елшілігіміз ерекше бақылауға алды

Отандасымыз Әнел Бермағанбетованың әлеуметтік желідегі жазбасынан кейін қылмыстық іс қозғалды.

Қазір адам ұрлауға байланысты емес бас бостандығынан заңсыз айыру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру басталды.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. Ал Қазақстанның  Ханойдағы  елшілігі Лаостың Сыртқы істер министрлігіне азаматымызды құтқаруға барынша көмек көрсету туралы тиісті нота жолдады. Лаос полициясы бұл мәселемен айналысып жатыр. Ертең сол елдегі жауапты органдармен тиісті келіссөздер өтеді. Бастысы, отандасымызға қауіп төніп тұрған жоқ. Ол дипломаттармен және туыстарымен үнемі байланыста. Оның ақпараты бойынша құжаттары мен телефонын алып қоймаған, интернет байланысын шектемеген, сондай-ақ күш қолданбаған.

Естеріңізге сала кетейік, күні кеше Әнел Бермағанбетова әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған болатын. Ол инвестиция тартумен айналысатын менеджер болып жұмыс істеу үшін шетел асқан. Алайда бойжеткеннің айтуынша, оны шақыртқан фирма алаяқтықпен айналысады. Жұмыс беруші қызды кері қайтармай кемі 1 жылға қалуды талап еткен. Қазір бұл мәселе біздің Вьетнамдағы елшілігіміздің ерекше бақылауында. Сыртқы Істер Министрлігі және Вьетнамдағы біздің елшілік елге оралуына қажетті көмек көрсетеді. Осы орайда сыртқы саясат ведомствасы ел азаматтарынан шетелде жұмыс істеу үшін құжаттар мен келісім-шарттарға қол қоюды сұрайды. Жұмыс берушілерді тексеру қажеттігін де ескертеді.