Қарағанды облысында мектеп жәрмеңкесі өтті

Қарағанды облысында мектеп жәрмеңкесі өтті

Қарағандыда мектепке қажетті тауарлардың жәрмеңкесі өтті. Өңіріміздегі 7 бірдей отандық компания тұрғындарға өз өнімдерін арзан бағамен ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Cауда сөрелеріндегі барлық тауардың құны нарықтағы бағадан 20 процентке төмен. Мұнда таңертеңнен бастап кеш қарайғанша кісі қарасы үзілген жоқ. Тіпті шалғай ауылдардан да баласын жетектеген ата-аналар келіп жатты. Енді осы аптада жәрмеңкені облыстың барлық аудан, қалаларында өткізу жоспарланып отыр. Жалпы тамыз айының 1-нен бастап «Мектепке жол» шарасы аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының 800-ге жуық баласына көмек көрсетілген. Ал «Жалпыға міндетті оқу» қорынан қолдауға мұқтаж 15 мың оқушының әрқайсысына 37389 теңгеден ақша бөлініп, ата-анасының есепшотына аударылды. Білім басқармасының мәліметі бойынша биыл 170 мың бала аймақтағы 406 мектептің табалдырығын аттайды. Оның 17 мыңы бірінші сыныпқа барады.

Кенжегүл Керімқызы, қала тұрғыны:

– Оқушылар жәрмеңкесі болады деген соң арнайы балаларымды ертіп, осы жәрмеңкеге келдім. Жәрмеңке ұнады. Шынында күнделікті базардан, дүкеннен алып жүрген бағалардан төмен.

Гүлдана Нұрсұлтан, білім басқармасының бөлім басшысы:

– Бұл акцияның мақсаты аз қамтылған отбасылардың балаларына мектепке жиналуға көмек ретінде ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда барлық жеке кәсіпкерлер болсын, меценаттар болсын, жекелеген азаматтар болсын осындай осал топтан шыққан балаларға көмек көрсетуде. Бүгінгі жәрмеңкеде барлық мектеп формасы мен кеңсе тауарлары арзандатылған бағалармен ұсынылды.