Абай облысындағы 10 ауылда интернеттің аты бар да заты жоқ

Абай облысы Аягөз ауданындағы 10 ауылдың тұрғыны интернеттің игілігін көре алмай келеді. Бұл елді мекендерде ұялы телефон байланысы да нашар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Интернеттің баяулығы, әсіресе, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер мен дәрігерлерге қиын соғып отыр. Ауыл әкімдігі мәселені айтып, байланыс операторларына хат жаза-жаза шаршаған. Ал аудан әкімдігі мамандары интернет мәселесі келесі жылы шешімін табады деп отыр. Бұл – Аягөз ауданының Ақши, Сарыарқа, Қараағаш, Тарбағатай ауылдарындағы күнделікті көрініс. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін интернетке кіру үшін әкімдікке келіп, қаздай тізіліп отырады.

Жанар Мұстафина, медбике:

– Мәліметтерді әзер жібереміз. Кейде қалаға звондап, сондағы дәрігерлерге айтып, құжаттарымызды салып беріңіздерші деп жалынамыз. Қағаздарымызды жіберу үшін осында келеміз. Мұның өзі дұрыс істемейді.

Айнұр Құндақбаева, пошта қызметкері:

– Интернеттің жылдамдығының аздығына байланысты клиенттердің көпшілігі кетіп қалады. Бүгін, міне, зейнетақы беріп жатырмыз. Бір клиенттің өзіне жарты сағаттан артық қызмет көрсеттік. Сондықтан кейбір клиенттер зейнетақысын Аягөзден барып алуға мәжбүр.

Ауыл тұрғындары ғана емес, сырттан жұмыс бабымен келген адамдар да интернеттің зардабын тартып-ақ жүр. Өйткені әкімдік ғимаратындағы ғаламтор тек жұмыс күндері ғана қолжетімді.

Ілияс Айтқожинов, студент:

Бірнеше бала осы ауылға практикадан өтуге келгенбіз. Мұнда интернет жоқ екенін білген жоқпыз. Геологтарға есептер мен фотоларды жіберу керек. Біз бірақ жібере алмай жатырмыз. Өйткені интернет бір ғана жерде бар.

Аягөз ауданындағы халық саны ең көп ауылдың бірі саналатын Тарбағатайда ұялы телефон байланысы да нашар. 2019 жылға дейін осы ауылға қарайтын Малтүгел, Ортарал, Ақшоқы елді мекендерінде екі байланыс операторы қызмет көрсеткен.

Ербол Ережепов, Тарбағатай ауылының әкімі:

Барлық жерде таудан ұстайтын. Малшылар қиын жағдай туғанда телефонға шыға алатын. 3 G орнатқалы бері байланыстан мүлде ажырап қалдық. Ауыл, аудан әкімшілігі атынан бірнеше рет хат жазып, сұрау салдық. Әзірге ешқандай нәтиже көріп тұрған жоқпыз.

Ал Аягөз ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары 10 ауылдағы интернет мәселесі келесі жылы шешіледі деп сендірді.

Думан Ырғаев, Аягөз аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Қазіргі таңда аудандағы 23 ауылдық округтің 5-уінде мобилді байланыс дұрыс жұмыс істемейді. Бұл мәселені шешу мақсатында антеналық матчты құрылғы орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қыркүйек айында жобалық сметалық құжатты сараптамадан өткізіп, 2023 жылға өтінім береміз.

Жалпы өңірде Тарбағатай секілді өркениет көшінен қалып, байланыс аясынан тыс жерде отырған ауылдар аз емес. Шығыс Қазақстан облыстық цифрландыру басқармасының мәліметінше, 244 елді мекенде мүлде интернет жоқ. Өкініштісі бұл ауылдар салалық министрлік пен байланыс операторларының бағдарламасына да енбей қалған.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы