Бала қауіпсіздігі: 3514 мектепте дабыл түймесі бар

Бала қауіпсіздігі: 3514 мектепте дабыл түймесі бар

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Осы тұста Оқу ағарту министрлігі мен Ішкі істер министрлігі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірлесіп жұмыс атқаруда, деп хабарлайды «Хабар 24».

 Ел бойынша 7550 білім ошағы бар. Бүгінде 7386 мектепке бейнебақылау орнатылған. Стационарлық «дабыл түймелері» еліміздің 3514 білім ордасында бар. Ал «мобильді түймелер» 1212 мектепке орнатылған.

Асхат Аймағамбетов, ҚР оқу-ағарту министрі:

– Қыркүйек айынан бастап 5 мыңнан астам тергеуші біздің мектептерге келіп, профилактикалық мақсатта қажетті кездесулер өткізетін болады. Бұл мәселеге мектеп директорлары мен білім беру бөлімдерінің басшылары белсенді қатысады. Әрине оқу жылының басында біз әдетте ішкі істер органдарына мектептер жанындағы кезекшілікті күшейтуді ұйымдастыру, жолда арнайы белгілер орнату бойынша жүгінеміз. Сондықтан осы жұмысты бірлесе отырып, тиісті деңгейде жүргіземіз деп ойлаймын.