Әділет министрі тұрғындармен кездесті

5 маусымда өткен республикалық референдумда конституцияға бірқатар түзету енгізілгені белгілі. Сондықтан Қарағанды жастары «Жаңа Қазақстан» жобасын тек ұран есебінде емес, нақты істермен көрсетуге ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жастар бірінші кезекте өз ойын айтып, сөзін жүргізе алатын жол іздейді. Мысалы, Әділет министріне мәслихаттағы жастар орны неге аз деген сауал келіп түсті.

Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі:

- Облыстық мәслихаттарды алсақ, депутаттардың жартысы бір мандатты округтермен сайланады. Оны өздеріңіз таңдайсыздар кімге дауыс беру керек екенін. Бірақ та жастар тәжірибені қашан жинайды дейсіз, тәжірибе ол уақытпен келеді ғой.

Қарағанды облысының сот сараптамалық институтында кадр тапшы еді. Соңғы кездері жасалған жұмыстың нәтижесінде қазір тек екі сарапшының орны бос тұр. Сот-сараптама қызметі құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ететінін ескерсек, бұл аса маңызды қадам.

Аида Төкенова,  облыстық Сот сараптамалары институтының директоры:

Штатымызда жетпей жатқан экономикалық және құрылыс бойынша сараптама жүргізетін сарапшыларды нақтылатып, бекіту бойынша сұрақтарымызды шешіп берді. Құқық қорғау органдары үшін ең маңызды мәселе бұл сарапшылардың аздығы. Сонымен қатар осы жылдың шілде айына дейін ең басты мәселенің бірі жалақы болған. Бүгінгі күннен бастап біздің жалақымыз екі есеге көтерілді.

Бұдан өзге Қанат Мусин министрліктің барлық 48 мемлекеттік қызметі электрондық форматқа көшірілгенін айтты. Қазірдің өзінде «eGov mobile» қосымшасында 37 қызмет қолжетімді. Бұл бағыттағы іс-шаралар жалғасын табады деп сендірді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар