Ембі мұнайшылары жаңа оқу жылында балаларға тосынсый ұсынды

Ембі мұнайшылары жаңа оқу жылында жүздеген балаға тосынсый ұсынды. Биыл ғасырлық тойын тойлағалы отырған отандық компания мұнайлы өңір тұрғындарына қайырымдылық қолын созуды дәстүрге айналдырған. Осы жолы мұнайшылар облыстық «Мектепке жол» акциясына қатысып, 250 оқушыға сөмке мен оқу құралдарын алып берді.

250 баланың сөмкесі мен оқу құралдары дайын. Оның 140 данасы аудандарға жіберіледі. Қалған 110 сөмкені Атырау қаласының оқушылары иемденетін болды. Көмекке зәру балаларды анықтауға ерекше балаларды тәрбиелеп отырған және әлеуметтік аз қамтылған отбасылармен жұмыс істейтін ұйымдар, қоғам белсенділері жұмылдырлыпты.

Әйгерім Жәрдемқызы, "Жүректен жүрекке" қоғамдық қорының жетекшісі:

- Бүгіннен бастап осы оқу құралдары балаларға табысталатын болады. Жалпы бір сөмкенің ішінде 36 түрлі оқу құралы бар. Біз ол құралдар балаға 1 жылға жетеді деп ойлаймыз. Біз осы жоба үшін ембілік мұнайшыларға үлкен алғысымызды білдіреміз.  

«Ембімұнайгаз" акционерлік қоғамы облыс тұрғындарына осындай қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды дәстрүрге айналдырған. Олар 2019 жылы жаңбырдан үйлері құлаған 3 отбасына баспана салып беруге демеушілік жасады. Бүгінгі «Мектепке жол» акциясы сол игі істердің жалғасы,- дейді компания басшылығы. 

Қуандық Калидуллин, "Ембімұнайгаз" АҚ департаменті директоры:

- Биыл компаниямызға 100 жыл толуына орай, 4 елдімекенге көп бейімді спорттық алаңдар салу, қазіргі уақыта басталып кетті жұмыстары. Онан басқа дәрігер көмегіне балаларға емдеу орталығын салу Құлсары қаласынан жоспарлануда. Атырау халқына, облыс тұрғындарына көмектер ЕМГ тарапынан алдағы уақыттарда да жалғасын табатын болады.

Бүгінде акционерлік қоғамға қарасты 4 мұнай-газ өндіру басқармасы бар. Олар өздері жұмыс істеп жатқан Мақат, Қызылқоға, Исатай және Жылыой аудандарының тұрғындарының көптеген әлеуметтік мәселелерін шешуге қолғабыс жасап келеді.

Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев