Шымкентте Конституция күніне орай мерекелік шаралар легі басталды

Шымкентте Конституция күніне арналған мерекелік шаралар легі басталды. «Азат елдің ар-намасы Ата заң!» деп, айбар таққан салтанатты жиында патриоттық әндер насихатталып, түрлі саланың дамуына үлес қосқан үздіктер марапатталды. Еліміздің басты мерекесін атап өтуге қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар  жиналды.

Ел тәуелсіздігін айғақтайтын Ата Заңға биыл 27 жыл. Түркістан сарайында атаулы күннің мән-маңызын айшықтайтын ауқымды шара өтті.  Шығармашылық ұжым асқан ыждағаттылықпен дайындалыпты. Ән мен жыр көрерменді патриоттық сезімге бөледі.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынысымен, 5 маусымда референдум өтті. Конституцияның үштен бірі өзгерді. Халық бұл өзгерістерді жақсы қабылдап, жаңарған Конституция негізінде еліміз Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құруға бағыт алды.

Мерекелік шарада мәдениет майталманы, спорт шебері, білім саласындағы білікті маман және өзге де еңбегі сіңген азаматтар марапат алып, құрмет биігінен көрінді. 

Патриоттық кешке мемлекеттік құрылымның басшылары мен мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес пен жастар ұйымының өкілдері қатысты. Шараға жиналғандар референдумда қабылданған өзгерістер мен толықтырулар саяси жаңғыруға бастаған оң шешім екенін айтып ой қозғады. 

Бауыржан Әлтеев, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы:

- Бәріміздің арманымыз бар. Еліміздің егемендігі мәігілік болса екен деген. Әрбір азаматтың отбасы мен құқығы қорғалса екен деген. Елімізде бейбітшілік болса екен деген. Сол Ата Заң берген біздің барлық құқықтарымыз құтыт болсын! 

Дәстүрлі шарада әділ шешім шығарып, төрелік еткен үш бидің дәуірі сахналанды. Көк байрақ көкке көтеріліп, Әнұран шырқалды. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы