Көкшетауда басына темір кіріп кеткен баланы құтқарған дәрігерлер марапатталды

Көкшетауда басына үшкір темір кіріп  кеткен баланы құтқарып қалған дәрігерлер марапатталды. Конституция күніне арналған салтанатты жиында оларға облыс әкімі арнайы алғыс білдіріп,  құрмет көрсетті. Сондай-ақ, шара барысында аймақтың дамуына үлес қосқан сан саланың өкілдері сыйға бөленді.

Мерекелік жиын алдымен адам жанының арашасы болған дәрігерлерді марапаттаудан басталды. 9 жасар баланың ауыр операциясына қатысқан 3 бірдей медицина маманы көпшілік алдында сый-құрметке бөленді. 

Гүлнәр Жүнісова, облыстық көпбейінді аурухананың бөлім меңгерушісі:

- Бұл біздің күнделікті жұмысымыз. Біз үшін әр пациенттің өмірі мен денсаулығы өте маңызды әрі аса қымбат. Тек біз емес, барша дәрігерлер қауымы күн сайын қаншама адамды аман алып қалып жатыр.  

Өңірде 2013 жылдан бері «Мерейлі отбасы» байқауы жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл Ақкөл қаласында тұратын Бөжен әулеті  жеңімпаз атанды. 35 жыл отасқан қос ұстаздың отбасы өнерлі әрі еңбекқор. Оларға 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. 

Құрметбек Бөжен, ардагер ұстаз:

- Ұлттық құндылықтар, мәдени мұра, дәстүр, өнер, білім, шығармашылық дәріптелген бұл байқау, келер ұрпаққа үлкен өнеге деп ойлаймыз. Өзіміз де осы байқауға қатыса отырып, кішкентай балапандарымызға біраз құнды дүниелерді дәріптей білдік. 

Аймақтың дамуына айтулы үлес қосып жүрген түрлі саланың өкілдері де марапаттан тыс қалмады. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың сөзінше, әрбір ақмолалықтың атсалысуы нәтижесінде бүгінде өңір өркендеп келеді. 

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

- Бүгінде ел бойынша подшипниктің барлығы, әрбір екінші арнайы автомобиль, әрбір үшінші трактор және әрбір төртінші келі алтын бізде өндіріледі. Сондай-ақ астана мен солтүстік аймақтардағы ет, сүт, ұн секілді азық-түліктердің біраз бөлігі Ақмола облысынан шығады. 

Ал мұның барлығы тәуелсіздік пен ата заңымыздың арқасы. Жиында еңбек адамдары мен волонтерлар да алғыс арқалады. Салтанатты мәжіліс мерекелік концертпен аяқталды.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный