Алматы облысында шұбат өндірісі өркендеп келеді

Алматы облысының Іле ауданына қарасты Ақши ауылының тұрғындары түйе ұстап, шұбат өндірісін өркендетуге кірісті. Бұл ауылда бүгінде он шақты отбасы шұбат бизнесімен айналыса бастаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық сусынға деген сұраныс уақыт өткен сайын артып келеді. Ақшиліктермен қоса, Алатау баурайындағы алып шаһар Алматы қаласының тұрғындары да 120 шақырым жердегі елді мекенге алдын ала хабарласып, шұбатты тапсырыспен алдырып жатыр.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

– Күрті ауылдық округінде 5 мың басқа жуық түйе бар. Соның 500-і жеке қолда. Қалғаны «Дәулет-Бекет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелігінде. Қазір ақшилік кәсіпкерлер шұбат өндірісін мықтап қолға ала бастаған.

Жамбыл Қарашбаев Ақшиге 2003 жылы Қарақалпақстанның Хожели қаласынан көшіп келген. Түйе шаруашылығымен айналысқанына 10 шақты жыл болды. Өз кәсібін 2 түйе алып, сауудан бастаған. Бүгінде шаруашылықтағы мал басы айтарлықтай өсті. Халқымыздың ұлттық сусыны шұбатқа деген сұраныс та өте жоғары.

Жамбыл Қарашбаев, ауыл тұрғыны:

Қаладан сұраныс көп. Тапсырыс келеді 2-3 күн бұрын. Соған Ақшидің автобусынан салып жіберемін, өздері күтіп алады сол жақтан. Болады шұбат. Күніне 50-60 литр шұбат сатамыз. Малдың жем-шөбі де арзан емес.

Еркінай Әбілханова, ауыл тұрғыны:

Екі түйе алып бастадым. Содан кейін ізінен қазір құдайға шүкір, 50 шақты түйем бар. Сөйтіп неғыламын деген жоқпын, құдай, Алланың берген несібесі шығар. Балаларымның несібесі шығар. Сөйтіп шұбатпен айналысып отырған жағдайымыз бар. Емдік қасиеті күшті мұның.

Шұбатпен қоса, түйе етіне деген сұраныс та жылдан-жылға артып келеді. Өйткені оның құрамында холестерин болмайды. Ал өркешін түрлі ауруларды емдеу мақсатында пайдаланады. Ақшиде шұбат өндірісінің отбасылық бизнеске айналғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Қазір ауылда түйе сауып отырған 10 шақты отбасы бар.  

Бекболат Төлекбаев, ауыл тұрғыны:

Нәзік жануар болады. Түйе дегенде не керек, баптау, сақтау деген бір жауапкершілікті жұмыс қой. Түйе дегеннің аяғын тұсап тастасаң, өз шөбін тауып жей алмайды бұлар. Түйенің аяғын бос жіберсең, өзінің керекті шөбін жейді.

Төлеген Омаров, Күрті ауылдық округінің әкімі:

– Түйе малын асырап, басын көбейтіп, сүтін көбейтіп, үйлерінен кәдімгі шұбат ретінде сатып жатқан азаматтарымыз бар. Жақсы қарқынмен, жақсы бағытта келе жатыр бұл жұмыстар бізде. Дүниежүзінде де, біздің мемлекетте де елдің, жұрттың халықтың көзі жетіп отыр, таза өнімдерге көшіп жатыр.

Иә, Ақши түйелі ауыл. Мұнда өткен жылы ұнтақталған түйе сүтін шығаратын кәсіпорын ашылған болатын. Қазір отандық өнімді көршілес Қытай мен араб елдеріне экспорттап жатыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев