Алматыда өрт қауіпсіздігінің алдын алуға арналған оқу-жаттығу өтті

Күзде дала мен таулы аймақтардағы орманда өрт шығу қаупі артады. Оған шөптердің қурауы, найзағайдың түсуі мен адами факторлар себеп. Ал өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қазавиаорманқорғау» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері оқу-жаттығуды бастап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тікұшаққа мінген өрт сөндірушілер даланы әуеден барлап, арнайы құралдардың дайындығын тексерді. Дала сарғылт тартып, жауын-шашын азайған. Күзгі жиын-терін науқаны да аяқталған жоқ. Ал өрт кез келген сәтте шығуы мүмкін. «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің мамандары мыңдаған гектар аумақты күніне екі мәрте әуеден барлайды. Барлау барысында жеке құрам нұсқаулыққа сәйкес оқу-жаттығу өткізеді. Әуеде қалықтаған тікұшақтан арқанмен жерге түсу, өрт ошағының көлемін анықтап, оны сөндіруде қауіпсіздік шаралары қатаң ескеріледі.

Сергей Поляков, «Қазавиаорманқорғау» авиациялық өрт сөндіру қызметінің басшысы:

– Осындай жаттығуды жиі өткізу арқылы ұшқыштар біліктілігін шыңдап, өрт сөндірушілеріміз дайындығын тексереді. Экипаж құрамы – ең күрделі өртпен күрескен мамандар. Сондықтан олар төтенше жағдайға үнемі дайын болулары керек.

Жаттығу кезінде ұшқыштар «ВСУ-5А» деп аталатын суқұяр құрылғысымен көлден суды шарпып алуға, оны өрт болып жатқан жерге жеткізуге, қызыл жалынды сөндіруге машықтанады. Бұл құрылғымен өрт ошағына 5 тонна су жеткізуге болады.  

Якупжан Ибрагимов, «Қазавиаорманқорғау» ММ ұшқыш-бақылаушысы:

– Бүгінге дейін 15 орман өрті болды. Оның негізі далалы орман өрттері. 2-3 орман өрті осы Іле Алатауы ұлттық паркінде болды. Барлық өрт дер кезінде байқалып, дер кезінде кішкентай аймақтарда сөндірілді.«Қазіргі кезде осы таулы аймақтарда негізгі қорғалатын аймақ таулы аймақтар болып есептеледі.

Жыл басынан бері еліміздің далалық және таулы аймақтарында 600-ге жуық түрлі дәрежедегі өрт шығу деректері тіркелген. Ал тамыз бен қараша айының аралығы аса қауіпті кезең саналады. Сондықтан мамандар сақтық шараларын естен шығармауды қатаң ескертеді.

Авторлары: А. Садуақас, Р. Жақыпов