Түркістан облысында жаңа мектеп салынып жатыр

Түркістан облысының Сауран ауданындағы көптен күткен мектеп қазан айында пайдалануға беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қозмезгіл елді мекеніндегі 300 орындық білім ұясы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі «Жол картасы» аясында салынған. Шорнақ ауылдық округі Қосмезгіл елді мекенінде 6 мыңға жуық халық тұрады. Оның 400-і мектеп оқушысы. Ауылда үлкен мектеп болмағандықтан осы уақытқа дейін балалардың бәрі «Қызыл әскер» жалпы орта мектебіне қатынап оқуға мәжбүр болды.

Асқар Исабеков, Қосмезгіл ауылының тұрғыны:

Бұл жерден қазір 200-ге жуық бала барады. Жая, біреулер такси жалдайды. Қашықтығы 3-4 шақырым болады. Күнде барады, жас балалар бар. Лай кешіп барады. Автобус жоқ. Қанша сұрандық, мына мектеп салынатын болған соң кейін тоқтатып қойды. Осы мектептің салынуына атсалысып, үлес қосқан азаматтарға алғысымыз шексіз. Осындағы ата-аналардың барлығының атынан алғыс айтамын.

Жаңа мектептің құрылысы 2020 жылы басталды. 3 қабатты нысан 300 орынға лайықталған. Жауаптылардың айтуынша, ішінде балаға қажеттінің барлығы болады. Тіпті жедел сатыда қарастырылған. Ал «Қызыл әскер» мектебі 600 орынға лайықталған. Бірақ қазір онда 1452 бала білім алады.

Ақмарал Батырбекова, аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Сондықтан алдағы уақытта ол мектепте үш ауысымда оқу қауіпі болғандықтан, осы жаңа мектепті салып беруге сұраныс берілді. Енді қазан айында беріледі деп отырмыз. Қазан айында берілсе, бұл жерде 400 оқушы білім алады. Екі мектебіміз апатты жағдайда және үш ауысымды қауіпі бар мектептеріміз де бар. Ол мектептер де мектеп салудың алдағы 5 жылдық даму жоспарына еніп отыр.

Түркістан облысына жасаған сапары барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары жаңа мектепке барып, құрылысымен танысты. Жауапты мердігер мекеменің өкілдерімен кездесіп, сапаға мән беру керектігін ескерті. Жалпы жоба құны – 1 млрд 181 млн теңге.

Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Мектептің құрылысына өте мән беруіміз керек. Сапасына әсіресе, ертең бұл балаларға арналғаннан кейін олардың барлық жағдайын ойлауымыз керек. Мектептің негізгі мақсаты ол – білім беру. Мұғалімдердің сапасы, құрылыстың сапасы өте жоғары болса, сонда ғана жақсы білім береді деп ойлаймын. 

Жалпы Сауран ауданындағы 44 мектепте 23 мыңнан астам бала білім алады. Халық саны өсіп келеді. Өткен жылы 5 мың бала мектеп табалдырығын аттаса, биыл 6 жарым мыңға жуық бүлдіршін 1 сыныпқа барады деп жоспарлануда.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов