Ақтауда жағымсыз иіске себепкер болған кәсіпорын жауапқа тартылады

Ақтауда ауаны ластаған кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұның алдында қала тұрғындары жағымсыз иістің жиі шығатынына шағымданған болатын. Сол себепті ауа құрамы тексеріліп, елдің арызы рас екені анықталды.

БЛИЦ:

- Далаға кешқұрым көршілермен есік алдына демалуға шығамыз, сол кезде бір мезетте жағымсыз иіс мазаны қашырады. Кімнен көрерімді білмейміз, химиялық иіс екені сезіледі. Көршім жөтеле бастайды, аллергиясы бар. 

- Біздің үйдегілер көбісі аллергиямен ауырып жүр, кешкі уақытта аллергиясы қатты қозады, иістен, менің таныстарымда да пайда болып жатыр. +олар басқа жаққа барған кезде аллергия болмайды,дейді. Үйде кішкентай балдар бар, терезені ашпасақ ұйықтай алмайды, терезені ашсақ, күкірт иіс шығады, жағымсыз иіс көп, адамды мазалайды, көз қышиды.

- Кешке қарай иіс сезіледі, тыныс алу мүмкін  емес, бірақ күндіз дала жел болғандықтан көп шықпайды.

Әлеуметтік желіде де осындай шағымдар көп. Бәрінің айтары бір. Желі қолданушылары Air.kz мобильдік қосымшасындағы ақпаратты да жариялаған. Онда күкірт сутегінің шамадан тыс көп екені көрініп тұр. Осыған байланысты экология департаменті мамандары бірнеше жердегі ауадан сынама алып, зертханада талдама жасаған.  

Мақсат Айсин, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:

- Мамандар қала сыртындағы өндірістік аймаққа барып, ондағы мекемелердің аумағынан сынама алды. Мониторинг нәтижесінде «Қазазот», «Маңғыстау ойл рефанинг», «Маңғыстау жылу» мекемелеріне тексеріс жарияланды. Қазір тек «Қазазот» бойынша қорытынды шықты. Зауыт аммиакты заңсыз суға ағызғаны үшін және ауаға таратқаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Айыппұл мөлшері есептелуде. Келтірілген залалдың 20 мың пайызы алынады. 

Ал қалған екі мекеме бойынша да аммиак пен күкірт сутегі шектен тыс көп мөлшерде екені анықталған. Тексеру әлі жалғасып жатыр. Жалпы осы уақытқа дейін «Қазгидромет» мәліметінше, Ақтауда ауаны ластаушы заттардың шамадан артуы 12 рет тіркелген. 

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев