Павлодарда егде жастағылар да ұрлық жасайды

Қарттардың да арасында суыққолдысы бар. Тіпті олардың саны бұрынғыдан көбейе түскен. Мамандардың айтуынша, бұрын оңай олжа табуға тек жастар әуес болса, қазіргі жағдай осы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп жасы ұлғайған адамдар неліктен ұрлыққа барады? 32 жастағы Павлодар тұрғыны өзгенің ақшасын қолды қылғаны үшін сотты болған. Бүгінде қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде бір жарым жылын өтеген. Жасаған қылмысы үшін әлі төрт жыл отырады. 

Жазасын өтеуші:

100 мың, 200 мың теңгеден басталды. Әрі қарай көбейіп, көбейіп, миллионнан астам болды. Анаған керек болды, тамақ алуға керек болды, киім алуға керек болды. Банкте жұмыс істегенмін, клиенттердің шоттарынан ақшаны аударып қойғанмын. Өкінемін, үйде бала-шағам қалды, отбасым қалды. Бірінші рет сотталдым. 

Бұл түзету мекемесінде ұрлық үшін сотталғандар көп. Қылмыс жасаған 150-ден астам тұрғын жазасын өтеп жатыр. Қызметкерлердің айтуынша, олардың арасында зейнеткерлер де бар. Көбі ұсақ қылмыс жасағаны үшін сотталған. Бостандығынан айырылғандардың ең үлкені 60-ты алқымдаған қария.  

Алена Яроватая, түзету мекемесінің психолог маманы:

– Сотталғандардың басым бөлігі материалдық қиындықтарға немесе күйзеліске ұшырағандар. Соның салдарынан қылмысқа барған. Әр сотталғанмен жеке жоспар бойынша жұмыс істейміз. Барынша қолдау көрсетуге тырысамыз. Ең бастысы, дұрыс өмір жолына түсуге көмектесу. 

Полицейлердің айтуынша, қылмыскерлердің басым бөлігі 20-45 жас аралығындағылар. Көбі жұмыссыз жүрген ер азаматтар. 

Денис Лоскутов, облыстық ПД криминалды полиция басқармасы бастығының орынбасары:

– Облыста көбіне ұялы телефондар, ақша және өзге де материалдық құндылықтар ұрланады. Ұрлық немесе тонау үшін ұсталғандарың ішінде бірнеше рет істі болғандары жетерлік. Кей азаматтар жазасын өтеу мерзімі аяқталған соң дұрыс жолға түсе бермейді. Бұрын тым жас балалар ұсталса, қазіргі уақытта қылмыскрелердің орташа жасы 30-дан асты. 

Өңірде жыл басынан бері мыңға жуық ұрлық және 55 тонау дерегі тіркелген. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары қылмыс саны 18%-ке азайған. Ал ізін суытпай ашу көрсеткіші 90%-тен асқан. Бейнекамералар көбейгелі қылмыс та тез ашылады, дейді мамандар. Алдын алу шараларының күшейтілуі де оң септігін тигізген.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков