Бас қала мен Алматы арасына жаңа тальго пойызы қатынайды

Елорда мен Алматы арасында жаңа үлгідегі Тальго пойызы іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл құрам алғаш рет жолға шықты. Күнара жүреді. Вагондар өзімізде құрастырылған. Алдыңғыларымен салыстырғанда бұл «Тальго» несімен ерекше? Қандай артықшылығы бар? Тарқатайық. Жаңа пойыз осы. Өзіміздің «Тұлпар» зауытында құрастырылған. 31 вагоннан тұрады. Оның 26-сы жолаушылардың вагоны. 17 вагон туристік, екеуі бизнес санатында. Алтауы көпшілікке арналған. Мүгедектер үшін де арнайы вагон бар. Алдыңғыларына қарағанда жаңа Тальго ыңғайлы. Құрастыру кезінде жұрттың осы кезге дейін айтқан барлық сыны ескерілген.

Мұхит Тұрсынбаев «Жолаушылар тасымалы» АҚ экспресс филиалының директоры:

– Жолаушылардың ыңғайлы сапары үшін вагондарда қарастырылған көптеген жаңа заманауи құрылғылар орналастырылған. Атап айтатын болсақ, мультимедиялық портал бар. Ол арқалы жолаушылар сапар барысында түрлі кино көруіне, музыка тыңдауына мүмкіндіктері бар.

Мультимедиядан бөлек, іште ауа салқындатқыш, тоқ беретін құрылғылар, био дәретхана және жолсерікті шақыратын тетік бар. Вагон ішінде мейрамхана, бар жұмыс істейді. Жолаушылар риза.

Ерекшелігі – іші кең. Созылған. Кнопкаларының бәрі ыңғайлы.

Жақсы, кең екен. Ыңғайлы. Таза.

Жаңа үлгідегі пойыз 529 орындық. 40 жыл жүруге қауқары жетеді. Жылдамдығы сағатына 200 шақырымға дейін. Пойыз Нұр-Сұлтан – Алматы бағыты бойынша әзірге қатынайды. Одан кейін Алматы мен Павлодар бағытында қатынайтын болады.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы