Шымкенттен қайырымдылық керуені жолға шықты

Шымкент жұртшылығы Қостанай тұрғындарына қайырымдылық керуенін жөнелтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Аmanat» партиясының қабылдау пунктіне екі тәулік ішінде 60 тонна киім-кешек пен азық-түлік жиналды.  Одан бөлек, гигиеналық заттар, төсек – орын жабдықтары мен құрылыс заттары  бар. Игі іске шаһар жұртшылығы, ірі кәсіпорындар мен мекемелердің ұжымдары атсалысып жатыр.  Гуманитарлық көмек үш  жүк көлігіне тиелді. Партияның «Жастар рухы» қатарынан еріктілер тобы жасақталды. Олар жәрдемдесемін деген жұртқа бағыт-бағдар беріп жүр. Көмек қолын созғысы келетіндердің қатары көп. Арнайы ашылған пунктке ағылып келіп жатыр.  Ұйымдастырушылар « жұмыла көтерген жүк жеңіл»,-дейді. 

Жанар Бектаева, «Аmanat» партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы:

- Барлығы үш фураға 60 тоннадай зат жиналды. Осыны аттандырғалы тұрмыз. Біз сын сағатта Қостанайлық отандастарымызбен біргеміз. Осындай сәтті ол кісілерге тек қана сабырлық, шыдамдылық тілейміз. Бәрі жақсы болады деген үміттеміз.