Павлодар облысында 19 мектеп жаңа оқу жылына дайын емес

Павлодар облысында 19 мектеп жаңа оқу жылына дайын емес

Себебі қазіргі таңда осы 19 білім беру ошағында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сала мамандарының мәліметінше, 32 мердігермен келісімшартар осы жылдың ақпан айында жасалған. Десе де, жөндеуші кәсіпорындар үлгермеген. Бұған мемлекеттік тапсырыс рәсімдерінің кеш өткізілуі себеп.

Айта кетейік, биыл облыста 46 мектепте күрделі жөндеу басталған. Олардың 38-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Қазіргі уақытта салалық мекеме мамандары жауапсыз мердігерлерге қатысты сотқа шағым әзірлеп жатыр.

Самал Айтқазина, облыстық білім беру басқармасының басшысы:

– Мердігерлермен шартта көрсетілген мерзімде жұмыстарды орындамау фактілеріне қатысты сотқа тиісті талап-арыздарды жасауға бастама жасадық. Бүгінгі таңда 10 объект бойынша мердігерлерге талап-арыз берілді және қаралуда. 12 объект бойынша мердігерлерге талап-арыз беру бойынша материалдар дайындалуда.