Әулиекөлде тек бір өрт ошағы қалды

Әулиекөл ауданындағы өрттің негізгі ошақтары сөндірілді.

Енді тек бір ғана жер қалып отыр. Ол, Бағаналы ауылының тұсында. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді. Алайда елді мекенге төніп тұрған қауіп жоқ, дейді. Себебі өрт сөндірушілер кеше күні бойы ауылды аман алып қалу үшін барын салған. Одан бөлек орманды айнала жер жырту жұмыстары жүргізілген.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Енді бәрі тек күн райының күрт құбылуына байланысты болмақ. Себебі ертең секундына 28 метрге дейін жел соғады деп болжанып отыр. Ал бұл бықсып жатқан жерлердің қайта тұтануына сеп болуы мүмкін. Барлық жерде күндіз түні кезекшілік атқарылып жатыр.

Тағы бір жағымды жаңалық: Әулиекөл ауданына түнде жауын жауыпты. Қазір жедел штаб өкілдері әуеден барлау үшін көкке көтеріліп, жаңбырдың тілсіз жауды ауыздықтауға қаншалықты көмектескенін байқайды. Ол жайлы алдағы эфирлерде хабарлайтын боламыз.